БАХЫТТЫ ЖАНҰЯ

  • 1  452 рет оқылды
  • 162897Адамзаттың  әу бастағы жаратылысы сүйіспеншілік, таң қалу, өкпелеу, ашулану, қуаныш-қайғы, мейірім-шапағат т.б. әр түрлі сезімдерге толы. Осы сезімдерге үкім жүргізіп, шегінен асырмай тізгіндеп, оларды тұрақтылық пен тепе-теңдік жағдайында ұстай білген адам екі дүниеде де өкінішке ұрынбайды. Әртүрлі жағдайларға байланысты сезімдерін тізгіндей білген адам бақытты жанұя құра алады. Ал егер нәпсінің айдауына көніп, өзін әлсіз сезінсе, жанұя тұрақтылығы сілкініп, оның бақытты да баянды болуы ұзаққа созылмайды.

    Осы адам баласының өмірін тулап-толқып, буырқанып жатқан теңізге теңесек, сол бір асау бұйра жал толқындардың ығырынан шаршаған пенде бір сәт жайлы ыстық құм төселген жып-жылы жағажайға барып демалғысы келеді. Ендеше, жанұя дегеніміз – сол бір жайлы жағажай. Адам арпалысып жатқан тірліктен шаршағанда барып жан тыныштығын табатын орын – өз шаңырағы. Өйткені, осы шаңырақ астында сыртқа шықпайтын қайғы-мұң, қуаныш-реніштер бөлісетін жүректі табады. Ерлі зайыптылардың  отбасын жердегі жұмақ етуі өз қолындарында.

    Жаратылыс, физиологиялық тұрғыдан алғанда әйел мен еркек тең емес, әрқайсысы өзіне тән қасиеттермен ерекшеленеді. Егер бір – бірінен ешбір айырмашылығы жоқ өзара тең жаратылыс болғанда, Аллаһ еркек – әйел етіп бөліп жатпай, бәрін біркелкі әйел немесе еркек етіп жаратар еді.

    Еркек пен әйел жаратылыс хикметіндегі өздеріне ерекшеліктерімен екеуі бір – бірін толықтырады. Қазақ «екі жарты бір бүтін» деген. Әйел денедегі жүрек болса еркек сол денедегі ақыл іспетті. Жүрек ақылсыз, ақыл жүрексіз ғұмыр сүре алмайды. Жүректі ақылдан жоғары яки ақыл жүректен артық деп айту мүмкін емес. Екеуі өз міндеттерін атқарған кезде ғана дене дұрыс қызметін жалғастыра алады. Кәзіргі қоғамда әйелдің нәзік жаратылысы ескерілмей тең құқық деген ұранды негізгі алып, еркек адамдар жасайтын ауыр жұмыстарды міндеттеуде, бұл әйел затының дәрежесін көтеру емес керісінше түсіру болып табылады. Кәзіргі кездегі әйел затын әртүрлі жарнамаларда, плакаттарда, журнал беттерінде жалаңашталған қалпында қолдану әйел қауымына деген  құрметсіздік.

    Домалақ ана, Айша бибі, Жаған бегім, Нұрбике ханым, Айғаным,Ұлпан, Зере, Ұлжан сынды дана аналарымыз қазақ бірлігін, берекесін, еркіндігін ойлаған дара да дана тұлғалар болды. Осындай аналарымыздың образын аша түсетін, бүгінгі жас ұрпаққа үлгі болатындай қасиеттерін мектеп мұғалімдері әдебиет сабағында ғана емес, күнделікті дәріс барысында оқушылар құлағына құйып отырса, нұр үстіне нұр болар еді. Өткен замандар қойнауында қалып бара жатқан сол аналардың тұлғасы арада қаншама жылдар өткеніне қарамастан, ұмытылмауы тиіс.

    Осыған мысал ретінде Индонезияда «Әлем аруы» байқауын өткізуге наразылық білдіруде. Олардың айтуынша, батыстың жөн-жоралғысына құрылған бұл байқау әйел табиғатына әрі адамгершілікке жат. Индонезия халқына берер пайдасы жоқ. «Әйел тәнін жалаңаштап көрсетуге дінімізде тыйым салынған», – деді Индонезиялық үлемдер кеңесінің жоғары лауазымды өкілі Мұхитдин Жүнаиди. [1] Бір айта кетерлігі, Индонезия тұрғындары діни құндылықтарға мейлінше абай болуға тырысады. Мәселен, 2012 жылы ашық-шашық киініп келгені үшін LadyGaga әншісінің концерті өтпей қалған болатын.

    Жанұя құрған жастардың шырқы бұзылудың  бір себебі батысқа еліктеу, олардың менталитетін қабылдау. Бұл жағдайда серпін беретін басты себептер батыс телесериялдары, ондағы әйел адамның арсыздығы, жанұяда жұбайына опасыздық жасау әрекеттері жақсы әрекет етіп көрсетілуде. Міне бұл көріністер жастардың санасына ертеден орнығып, жанұялық өмірлерінде сипат беріп жататыны байқалады. Осының нәтижесінен заңсыз некелер, тастанды балалар көбеюде. Ата-анаға деген әдепсіздіктің соңы оларды қарттар үйіне апарып тастаумен аяқталып жатқан оқиғалар да аз емес.

    Әйелінің жақсы мінезді болуын қалайтын адам, алдымен өзі жақсы мінезді болуы керек!

    Құран кәрімде былай бұйырады:

    «Жақсы әйелдер, Аллаһқа мойынсұнады және күйеулерінің ақыларын орындайды. Күйеулері жоқ кезде олардың намысын және мал-мүлкін Аллаһтың көмегімен қорғайды.» (Ниса 34)

    Хадис шәрифтерде былай бұйырады:

    «Мұсылман әйеліне ашуланбасын! Жаман мінезі болса, жақсы мінезі де болады.» (Муслим)

    «Әйел – әлсіз жаратылыс. Әлсіздігін үндемеу арқылы жеңіңдер! Үйдегі кемшіліктерін көрмеуге тырысыңдар!» (Ибни Лал)
    «Мұсылмандардың иман тұрғысынан ең үстемі – мінезі ең жақсы болғаны және әйеліне ең жақсы, ең мейірімді мәміледе болғаны.» (Тирмизи)
    «Мұсылмандардың ең жақсысы, ең пайдалысы әйеліне ең жақсы, ең пайдалы болған адам.  Сендердің араларыңда әйеліне ең жақсы, ең қайырымды, ең пайдалы болған менмін.» (Нәсаи)

    Бүгінгі таңда көтерілген көп шаңырақтың шайқалып, талай отбасының бұзылып жатқаны ақиқат. Тіпті жаңа құрылған отбасылардың үштен бірі үйленгендеріне бір жыл толмай жатып ажырасуда деген де дерек бар. Мұның кейбір себептері: Ерлі-зайыптылардың бір-біріне опасыздық жасауы, махаббат сезімінің өшуі, пәтерлік-туыстық мәселе, жұмыста сәтсіздік, мінездерімен сәйкес келмеуі,ішімділікке, нашақорлыққа салыну,жанұяда бірінші болуға деген тайталастық.

    Бұл аталған себептердің барлығы адамның рухани және ұлттық құндылықтардан ада болуынан бастау алады. Ал, ислам діні ер мен әйелді әрдайым адалдыққа, ар-намысына кір жұқтырмауға шақырады. Зинаны жасау былай тұрсын, зинаға апаратын жолға жақындамауды бұйырады.

    Ажырасуға соқтыратын себептердің бірі материалдық жағдай. Мысалы, ер адамның өз отбасын дұрыстап асырамауы, олардың күнделікті қажеттіліктерін толық қамтамасыз ете алмауы шаңырақты шайқалтпай қоймайды. Ал, ислам діні ер адамға отбасын асырауға міндеттейді.

    Отбасының бұзылуына көп жағдайда ерлі-зайыптылардың бір-бірін алдап, өтірік айтып, өзара сенімнен шығуы да себеп. Бір-бірінің күнәлі іске барғаны жайлы күманданатын ерлі-зайыптылар аз кездеспейді. Босағаны пәк аттамайтын қыздар да жоқ емес. Сондықтан күйеулері кейде әйелінен безінеді.

    Ерлі-зайыптылардың перзент сүймеуі де шаңырақ шайқалуына әкеліп жатады. Өйткені бала ата-ананың көз қуанышы. Ондай күйдегі отбасылар Аллаһтан перзент сұрап дұға етулерін тоқтатпағаны дұрыс. Құранда Зәкәрия (ғ.с.)  пайғамбардың қартайған шағының өзінде: «Уа, Раббым, сүйегім қаусап, шашым ағарды. Уа, Раббым, Саған тілек етіп жалбарынудан күдер үзген емеспін. Шынында, мен артымда қалатын жақындарымнан (мұрагер бола алмайды деп) қауіптенем. Ал, әйелім бала көтеруден қалған. Сонда да, өз құзырыңнан бір перзент нәсіп ете гөр!» деп дұға етті. Сонда Аллаһ тағала сондай қаусаған кәріліктеріне қарамай келешекте пайғамбар болатын Яхия (ғ.с.) атты ұл нәсіп етті.

    Күйеуінің өз әйелін жөн-жосықсық ұрып-соғып, орынсыз тоқпақтай беруі де бір күні әйелдің ажырасуға тілек білдіруіне себеп. Негізінде, әйел ұрып-соғумен тәрбиеленбейді. Оны Аллаһтың дінін, иман негіздерін, шариғат қағидаларын үйрету арқылы тәрбиелеу керек.

    Үй иесінің маскүнемдікке немесе нашақорлыққа салынуы, құмар ойындарына беріліп кетуі, ұрлық жасауға әдеттенуі, бала-шағаның қажеттіліктерін мүлде ұмыту көп жағдайда отбасының ажырасуымен аяқталады. Бұл аталған әдеттердің бәріне  дініміз қатаң тыйым салған. Ислам діні ажырасу секілді сүйкімсіз істердің орын алмауы, қоғамның тыныш, әрі салауатты болуы үшін бұл күнәларға тыйым салған.

    Қысқасын айтқанда, ажырасудың сан алуан себептері бар. Оның бәрін де ислам дінінің аясында шешуге болады. Сондықтан отбасын құрған ерлі зайыптылар өз өмірлерін асыл дініміздің шарттарына орай құрғаны абзал.

     

    «Қызылжар» орталық мешітінің

     баспасөз хатшылығы

    Вы можете оставить комментарий, или ссылку на Ваш сайт.

    Оставить комментарий

    Return to Top ▲Return to Top ▲