ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУ ИМАННАН

  • 95 рет оқылды
  • Ата-бабаларымыз тарихына қарасақ, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған. Жақсылық жасап айналадағыларға, бір-бірінің үйіне қонақ болып қал сұрасып, қуаныш сыйлап ынтымақ-бірлікте болу және жиі араласу қайырымдылық жасау сияқты ізгі істер осы күнге дейін жалғасын табуда. Жақсылықтың түрлері көп мысалы:

    Біреу көрші апаның ауыр сөмкесін үйіне жеткізіп салса, екіншісі егде кісіге автобуста орын береді, енді біреуі жылап жатқан баланы жұбатады, ең ақыры үйсіз жануарларды тамақтандырады. Жақсылық – адамшылықтың белгісі. Әркім өзінің шамасы жеткенше жақсылық жасайды. Ең бастысы, шын ниетімен, адал пейілімен жасалса болғаны. Жақсылықтың керемет тұсы – оның саған екі еселеніп қайтуы. Тіпті біз ойламаған жерден жақсылыққа, табысқа жетіп жатамыз. Ол – біздің жасалған жақсылықтарымыздан болуы әбден мүмкін. Бірақ та жақсылықтан қайтарым үміт етіп жасау – дұрыс ниет емес.

    Құдси хадисте Раббымыз: 

    «Егер Менің құлым жақсы амал жасайтынын айтса, онда Мен оған жақсы амалдың жасалғанын жазып қоямын», ‒ дейді. (Муслим)

    Ибн Аббас: «Шын мәнінде, Алла Тағала жақсы және жаман (амалдарды) жазып, сосын оны түсіндірді (яғни, періштелерге бұл істерді қалай жазу керектігін түсіндірді): «Кімде-кім бір жақсы амал (істеуге) ниеттеніп, оны істемесе де, Алла ол үшін Өз қасында толық бір жақсы амал (істелгенін) жазады. Егер ол ниеттенгенін істесе, Алла ол үшін Өз қасында он жақсы амалдан жеті жүз есеге әрі (одан да) көп есеге дейін (жақсы амал істелгенін) жазады. Ал кімде-кім жаман іске ниеттеніп, (бірақ,) оны істемесе, Алла ол үшін Өз қасында толық бір жақсы амал(істелгенін) жазады. Егер ол ниеттенгенін істесе, Алла ол үшін бір жаман іс(жасалғанын) жазады»,—деген. (Бұхари, Муслим)

    Адамның табиғаты сол – өзіне жақсылық жасап, жақсы мәміледе болған адамға жамандық жасауға ұялады. «Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, Жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі,» – деп М.Әуезов айтқан екен. Яғни еш сұраусыз-ақ ізгілікке ізгілікпен жауап қайтару – көптің қасиеті. Ал енді нағыз ерлер, шын мәнісіндегі тұлғалар жамандық жасаған адамға да қайырымды болады, ізгілігін, жақсылығын аямайтын болады екен. Міне солар – адамгершіліктің биігіндегілер. «Жақсы кісі ай мен күндей, әлемге бірдей» деп айтқан екен ғой қазақ атамыз.

    Әбу Умама әл-Бахили есімді бір сахаба былай дейді: «Бір күні сахабалар Пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)  қайыр-садақа, зекет  малдарын  беріп  жатқан  еді. Дәл  осы кезде мен Алла елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жанында іштей дұға оқып отыр едім. Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Аузыңды  жыбырлатып не айтып отырсың?» – деп сұрады. Мен жауап ретінде:

    – Жұрттар қайыр-садақа беріп, жақсылық жасап жатыр. Ал менің қайыр-садақаға берер ештеңем жоқ. Сондықтан: «Субханаллаһи уәлхамду лилләһи уә лә иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбар», (яғни, Алла бүкіл кемшілік атаулыдан пәк. Барлық мақтау-мадақ Аллаһқа лайық. Әрі аса ұлы Алладан басқа ешбір тәңір жоқ»),– деп айтып отырмын,–дегенде, Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): Сенің айтып жатқан сөздерің сен үшін кедейлерге беретін қайыр-садақаңнан да жақсырақ, –дейді.

    Расында, адамның ең жақсысы ‒ басқаларға пайдалы болғаны, ал амалдардың ішіндегі Аллаға ең сүйіктісі ‒ адамдардың жүрегіне қуаныш сыйлау.

    Қоғам мейірімге, жан қуандыртар жақсылыққа мұқтаж. 

    «Жақсылықтың жақсылықтан басқа қайтарымы бар ма?» деп «әр-Рахман» сүресінде баяндалғандай, шынында да жақсылықтың қайтарымы ‒ тек жақсылық қана.

    Құранда Алла Тағала: 

    «…Жақсылықты ықыласпен істеушілерді қуандыр!» ‒ деп бұйырады. («Хаж» сүресі, 37-аят)

    Міне, адамның жүзіне қуаныш сыйлап, бақытты ету үшін бай болудың қажеті жоқ. Жүрегіңізде мейірім мен иман болса жеткілікті. Бәріміз де мәңгілік емеспіз. Қолы­мыздан келгенше қамқорлықты аямайық, жақсылық жасап жарысайық. Жақсылық жасау – иманнан!

    СҚО, М.Жұмабаев                                                    Сайдалин А.О.

    аудандық «Береке»

    мешіті

    Вы можете оставить комментарий, или ссылку на Ваш сайт.

    Оставить комментарий

    Return to Top ▲Return to Top ▲