24.08.2019 16:18

Періштелерге сенім

Декабрь 19th, 2011


Періштелер Алла Тағаланың нұрдан жаратқан жаратылысы. Олар түрлі формада болады әрі түрлі формаларға ене алады. Мысалы, Жебірейіл періште Пайғамбарға (с.а.с.) адамның бейнесінде де келген.

Періштелерде жыныстық тек жоқ. Оларды ер не ұрғашы деп сипаттауға болмайды. Кімде-кім оларды еркек деп сипаттаса, пасық болып есептеледі. Ал кім ұрғашы десе кәпір болады. Алла Тағала былай деген:

﴿وَجَعَلُوا الْمَلَائِكَةَ الَّذِينَ هُمْ عِبَادُ الرَّحْمَنِ إِنَاثاً أَشَهِدُوا خَلْقَهُمْ سَتُكْتَبُ شَهَادَتُهُمْ وَيُسْأَلُونَ﴾

«Олар (кәпірлер) Рахманның құлдары болып табылатын періштелерді ұрғашы қылды. Олардың жаратылыстарына куәгер болып па? Олардың куәгерліктері жазылады да, ол туралы сұралады» (Зухруф, 19).

Періштелердің негізгі тұрағы – аспан. Сонымен бірге жердің бетінде жасайтын періштелер де бар.

Періштелердің бар екендігіне Құран мен хадистен дәлелдер жеткілікті әрі мұсылман ғалымдары да бұл туралы бірауызды пікірде. Періштелердің барлығын теріске шығарған адам кәпір болады. Демек, жалпы періштелердің бар екендігіне сену иманның бір шарты һәм жалпы парыз. Ал Жебірейіл, Микаил, аршыны көтеріп тұратын, жан-жағында ұшып жүретін періштелер, пенденің амалын жазушы періштелер, сақтаушы періштелер, Мүңкәр мен Нәкір сияқты белгілі періштелердің барлығына сену жалқы парыз.

﴿الْحَمْدُ لِلَّهِ فَاطِرِ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ جَاعِلِ الْمَلَائِكَةِ رُسُلاً أُولِي أَجْنِحَةٍ مَّثْنَى وَثُلَاثَ وَرُبَاعَ يَزِيدُ فِي الْخَلْقِ مَا يَشَاءُ إِنَّ اللَّهَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ﴾

«Көктер мен жерді Жаратушы, періштелерден қос қанатты, үш, төрт қанатты елшілерді Жасаушы Аллаға мадақ. Ол Өзінің жаратылысын қалағанынша көбейтеді. Расында Алла әрбір нәрсеге құдіретті» (Фатыр, 1).

﴿وَمَا يَعْلَمُ جُنُودَ رَبِّكَ إِلَّا هُوَ﴾

«Раббыңның әскерін Өзінен басқа ешкім де білмейді» (Мүддәссір, 31).

 

Кейбір ғалымдардың түсіндірулерінше, бұл істер төмендегідей:

1. Тағдыр тақтасында жазылған тағдырларды, пенделердің амалдарын орайластырып, ризықтар мен өсімдіктер, жауын-шашындар істері Микаил періштеге жүктеледі.

  1. Соғыстар мен жер сілкіністері, найзағайлар, жер қопарылыстары Жебірейіл періштеге жүктеледі.
  2. Пенделердің іс-амалдары бақылау Исрафил періштеге жүктеледі.
  3. Тауқыметтер мен ажалдар Әзірейіл періштеге жүктеледі.

 

Періштелердің күнәдан пәктігі

Періштелер күнәдан пәк. Олардан қандай да бір күнәлі істің шығуы мүмкін емес. Оған мына аяттар дәлел бола алады.

﴿وَلِلّهِ يَسْجُدُ مَا فِي السَّمَاوَاتِ وَمَا فِي الأَرْضِ مِن دَآبَّةٍ وَالْمَلآئِكَةُ وَهُمْ لاَ يَسْتَكْبِرُونَ * يَخَافُونَ رَبَّهُم مِّن فَوْقِهِمْ وَيَفْعَلُونَ مَا يُؤْمَرُونَ

«Көктер мен жердегі барлық жандылар және періштелер Аллаға сәжде жасайды, олар тәкаппарлық қылмайды. Олар Раббыларынан қорқып, Оның айтқанын мүлтіксіз орындайды» (Нахыл, 49,50).

﴿ لَا يَعْصُونَ اللَّهَ مَا أَمَرَهُمْ وَيَفْعَلُونَ مَا يُؤْمَرُونَ﴾

«Олар (періштелер) Алланың бұйырғанына қарсы шықпай, бұйырылғанды мүлтіксіз орындайды» (Тахрим, 6).

 

Халық арасында тараған періште туралы кейбір күпірлік сөздер. Соның бірі «Алтын көрсе періште жолдан таяды» деген сөз. Бұл барып тұрған антұрған сөз. Періштелер Алла Тағаланың үнемі құлшылықта болатын, әмірін екі қылмайтын пәк құлдары. Олар пәнилік қызықтарға бой алдырмайды. Өйткені оларда нәпсі сезімдері, ішу-жеу сияқты қасиеттер жоқ. Олардың нақтылы сипаттары Құран Кәрімде айтылған. Әрбір мұсылман періштелер туралы танымын сол аят-хадистердің негізінде тұғырлауы тиіс.

 

Періште артық па, адам артық па?

Барлық мұсылмандардың ортақ пікірі бойынша ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) көктегі һәм жердегі күллі мақлұқаттардан: періштелерден, адамзаттан, жындардан дүниеде де, ақыретте де артық. Оған Пайғамбардың (с.а.с.) мына хадисі дәлел болады.

قال النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ:» أَنَا أَكْرَمُ الأَوَّلِينَ وَالآخِرِينَ عَلَى اللهِ، وَلاَ فَخْرَ«.

«Мен Алланың дәргейінде алдыңғылардың да, соңғылардың да ең ардақтысымын, мақтаныш емес».

Тіпті, уахи жеткізуші Жебірейіл періштенің (а.с.) өзі Пайғамбардан (с.а.с.) артық бола алмайды. Өйткені Құранды түсіруші һәм үйретуші, ол – Алла Тағала.

﴿الرَّحْمَنُ* عَلَّمَ الْقُرْآنَ﴾

«Аса рахымды, Құранды үйреткен» (Рахман, 1, 2).

Матуриди мазһабы бойынша пайғамбарлар періштелердің Жебірейіл, Микаил сияқты басшыларынан артық. Адамдардың ішіндегі әулиелер, нағыз мүміндер періштелердің жалпы мүміндерінен артық.

Әһлус-суннә жамағаты осы пікірлеріне мынадай дәлелдер келтіреді.

1. Алла Тағаланың періштелерге Адамға сәжде етуге бұйыруы Адамның олардан артық екендігін білдіреді.

﴿وَإِذْ قُلْنَا لِلْمَلاَئِكَةِ اسْجُدُواْ لآدَمَ فَسَجَدُواْ

«Сол кезде періштелерге: «Адамға сәжде жасаңдар», – дегенімізде бәрі сәжде жасады..» (Бақара, 34).

2. Алла Тағала есімдерді Адамға үйретті, періштелерге үйретпеді.

﴿وَعَلَّمَ آدَمَ الأَسْمَاء كُلَّهَا ثُمَّ عَرَضَهُمْ عَلَى الْمَلاَئِكَةِ فَقَالَ أَنبِئُونِي بِأَسْمَاء هَـؤُلاء إِن كُنتُمْ صَادِقِينَ * قَالُواْ سُبْحَانَكَ لاَ عِلْمَ لَنَا إِلاَّ مَا عَلَّمْتَنَا إِنَّكَ أَنتَ الْعَلِيمُ الْحَكِيمُ * قَالَ يَا آدَمُ أَنبِئْهُم بِأَسْمَآئِهِمْ فَلَمَّا أَنبَأَهُمْ بِأَسْمَآئِهِمْ قَالَ أَلَمْ أَقُل لَّكُمْ إِنِّي أَعْلَمُ غَيْبَ السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ وَأَعْلَمُ مَا تُبْدُونَ وَمَا كُنتُمْ تَكْتُمُونَ

«Ол (Алла Тағала) Адамға барлық есімдерді үйретті, сосын оларды періштелерге көрсетіп: «Егер шын айтқан болсаңдар, маған мыналардың аттарын айтып беріңдер», – деді. Сонда олар: «Сен Пәксің! Біз Сенің үйреткеніңді ғана білеміз. Расында Сен бәрін білушісің һәм аса данасың», – десті. Ол: «Уа, Адам! Оларға аналардың аттарын айтып бер», – деді. Ол оларға айтып берген соң (Алла Тағала): «Мен сендерге көктер мен жердің ғайып нәрселерін, сендердің жария істеріңді де, жасырын істеріңді де білемін демеп пе едім?» – деді» (Бақара, 31-33).

﴿هَلْ يَسْتَوِي الَّذِينَ يَعْلَمُونَ وَالَّذِينَ لَا يَعْلَمُونَ﴾

«Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» (Зүмәр, 9).

Әрине, білетіндер мен білмейтіндер тең бола алмайды.

3. Алла Тағаланың әміріне мойынсұну, құлшылық ету адамзат үшін қиын, машақатты. Ол нәпсімен күресуді, шайтанды, дүнияуи істерін жеңуді талап етеді. Мұндай машақаттар, қиындықтар істелінген іс-амалдың сауабының артуына себеп болады. Алланың елшісі (с.а.с.): «Амалдардың ең абзалы – ең қиыны», – деген.

﴿إِنَّ اللّهَ اصْطَفَى آدَمَ وَنُوحاً وَآلَ إِبْرَاهِيمَ وَآلَ عِمْرَانَ عَلَى الْعَالَمِينَ﴾

«Шынында Алла Адамды, Нұхты, Ибраһим әулетін, Имран әулетін әлемдердің үстінен даңқты етіп, таңдады» (Әли Имран, 33).

Алла Тағала бәрімізді екі дүниенің сынақтарынан аман-сау етсін! Өзінің сүйікті құлдарынан етсін! Жасаған амалдарымызды, ғибадаттарымызды қабыл алсын! Елімізге тыныштық, Ислам дініне күш-қуат берсін! Намаз оқитын, нағыз ізгі мұсылмандардың санын арттыра берсін!

Раббәнәә әәтинәә фид-дуниәә хасанатау-уа фил-аахирати хасанатау-уақинәә ъазәәбән-наар, раббанағфирләнәә уа лиуаалидиинәә йәумә йақуумул-хисәәб, бирахматикә йәә архамар-раахимиин.

Саллаллааһу тәъәәлә ъәләә нәбиийнәә уа сәийидинәә мухаммадиу-уа ъәләә әәлиһи, уа асхаабиһил-ахиаари әджмәъиин! Әмиин!

 

Cәбит Ибадуллаев

 

Салықты «соткамен» төлеуге болады

Декабрь 19th, 2011


Келесі жылдан бастап қазақстандықтар салықтарды және коммуналдық қызметтер үшін төлемді ұялы телефондар арқылы төлей алады. Бұл туралы бүгін «Қазақстанда электрондық үкіметті дамыту» халықаралық конференциясында ҚР Байланыс және ақпарат вице- министрі Сәкен Сәрсенов мәлім етті.

«Салықтар мен коммуналдық қызметтер үшін төлемді электронды түрде төлеу мүмкіндігі бар. Биыл ілкі жоба ретінде төлемдерді мобильді құрылғылар арқылы төлеу мүмкіндігін жүзеге асырдық. Ал келесі жылы бұл бағыттағы жұмысты үдете түсеміз», – деді С.Сәрсенов.

aorda.kz

Жылына 300 мыңға жуық жасанды түсiк жасалады

Декабрь 14th, 2011

 

“Қызға қырық үйден тыйым” деген халқымыздың қыз бала тәрбиесiндегi ұстанымы көп жайтты аңғартады. Бұл – бетiн бүркемеген қазақ қызының елiктей еркiндiгiмен қатар ар-абыройына дақ түсiрмей пәк болуын қадағалайтын қатал да адал тәрбие.
“Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пiшер”. Ұл – әкесiне, қыз – анасына қарап өседi. Сондықтан ата-ана әдептiлiкте, имандылықта, өзгелермен қарым-қатынаста перзентке үлгi болуы қажет. Ата-ана перзент бойынан жақсы қасиеттердiң табылуына жауапты.
“Ана мен перзент қалып пен қыш сияқты…”, “Сүтпен кiрген жанмен шығады” деген сөз де бар халқымызда. Адам бойындағы жақсы қасиеттер ана сүтiмен дариды. Өкiнiштiсi, қазiргi таңда жас келiндер сәбиiн дәрiгерлердiң айтқанын жасап, 2 жыл емiзуге ерiнедi. Тiптi соңғы кезде шаранасын қолына алып, темекiнiң көк түтiнiн будақтатып тұратындар шықты. Кәмелет жасқа толмаған қыздардың арасында жасанды түсiк жасататындар пайда болды, тiптi көбейiп кеттi. Мамандар жасанды түсiк әйел денсаулығына зиян екенiн зар илеп айтса да, оған құлақ асар жан жоқ.
Бейресми деректерге қарағанда, жыл сайын Қазақстанда 300 мыңға жуық жасанды түсiк жасалады екен. Бұл не деген сұмдық?!
Мамандардың пiкiрiнше, жасанды түсiк жасатушылардың жасы 14-тен басталады. Қазақстанда жыл сайын 14-18 жас аралығында 10 мыңға жуық қыз түсiк жасататын көрiнедi. Осының нәтижесiнде түрлi гинекологиялық және қатерлi iсiк, сондай-ақ бедеулiк аурулары асқынуда.
Ресми деректерге сүйенсек, елiмiздегi жасөспiрiм қыздардың 10 мыңнан астамы – екiншi рет түсiк жасатқандар. Бiр ғана Алматының өзiнде жылына 20-22 мың жасанды түсiк жасату фактiсi тiркелген. Бұл – ана құрсағындағы әрбiр үшiншi нәресте дүние есiгiн ашпай, өмiр сүру құқығынан айырылды деген сөз. Менiңше, Қазақстанда жастар арасында жасанды түсiк жасатудың көбеюi, ең алдымен, олардың өз тағдырына немқұрайлы қарауынан болса, екiншiден, жауапкершiлiктiң төмендеуiнен. Ал бұл немқұрайлық пен жауапкершiлiктiң төмендеуiнiң, тiзе берсек қоғамдық себептерi көп-ақ.

Iңкәр СЕЙIТҚАЗИНА,
студент.

zhasalash.kz

Елімізде баласынан безген «көкек» аналар көбейіп барады

Декабрь 14th, 2011

Елімізде баласынан безген «көкек» аналар көбейіп барады. Республика көлемінде дәл осындай жағдайлар әр жерден жиі естіліп жатады. Бүгін Жоғарғы соттың баспасөз қызметі бір ғана Қостанай облысы бойынша бірнеше оқиғаны тізіп берді. Туа салысымен далада, қоқыста қалған нәрестелердің кейбірі жарық дүниенің қызығын көрмей жатып о дүниеге аттанып кеткен. Ал оларды тастап кеткен шешесымақтар мемлекеттің құрығынан құтылмай темір торға тоғытылды.

Қостанай облысы бойынша сұмдық оқиғаның бірін, яғни өз баласын өлтірген адамның бірі — Айнагүл атты келіншек. Ол төрт баланың анасы бола тұра, бесіншісінбосанғанда құтылуға әрекеттенген. Сөйтіп, сәбиін қайшымен жарақаттап, ақыр аяғында о дүниелік еткен. Қазір бұл келіншек екі жылға бас бостандығынан айырылды.

Қостанайда перзентханада жатып босанған Сымбат атты бойжеткен туа салысымен, өз нәрестесін қала сыртындағы темір жолдың бойына тастап кеткен. Ол өзінің бұл әрекетін баланы некесіз дүниеге әкелгені үшін ата-анасынан қорыққандығымен түсіндіреді. Ол да бір жарым жылға абақтыға жабылған. Ал жазықсыз сәби сол темір жол бойында көз жұмыпты.

Оксана Петерс, ҚР Жоғарғы сотының ресми өкілі:

— Осы санаттағы тағы бір іс бойынша, Махаббат А. есімді бойжеткен ата-анасы мен туыстарынан жүктілігін жасырмақшы болып, Қостанай қаласында құрбыларымен пәтер жалдап тұрады. Мерзімі келген уақытта дүниеге нәресте алып келген жас ана баласын даладағы қоқыс жинайтын дүңгіршекке апарып тастайты.

Қоқыста қалған сәбидің көрер жарығы бар шығар, оның шырылдаған жан дауысын маңайдағылардың бірі естіп, дереу ауруханаға жеткізген. Дәрігерлердің сөзінше, сәбидің жағдайы қазір бірқалыпты көрінеді. Ал көкек ана бір жылға бас бостандығынан айырылды. Жақында осыған ұқсас жағдай Көкшетау қаласында да тіркелді. Өзен жағасында босанған әйел баласын сол жердегі қамыс арасына тастап кеткен. Қазір сәби дәрігерлердің қарауында.

Ирина Фаюстова, Көкшетау қалалық перзентханасының дәрігері:

— Қыздың салмағы 3келі 572 грамм, бойы- 53 см. Баланы жылыттық, қазір ол қалпына келді, туған анасы болмағандықтан, әзірге қолдан тамақтандырып жатырмыз.

Осылайша елімізде тастанды балалардың саны артып келеді. Бұған себеп болып тұрған жағдайды да дөп басып айту қиын. Мүмкін, отбасындағы тәрбиенің осалдығы, әлеуметтік жағдайдың төмендігінен болар, жыл сайын ондаған бала тас жетім болып қалуда.

 

Ғабит Ұзақбай

ktk.kz

әл-Харам мешітінің ауданы кеңейетін болды

Декабрь 13th, 2011

Сауд Арабиясының королі Абдалла бен Абдель Азиз Меккедегі қасиетті әл-Харам мешітінің аумағын кеңейту мақсатында алғашқы символикалық кірпішін қалады. Жоба құны 20 млрд. АҚШ долларынан астам қаржыны құрап отыр.
Кеңейту жұмыстары аяқталғаннан кейін Қасиетті мешіт бір жарым есеге үлкейіп, бір мезгілде 1,6 млн. мұсылман намаз оқуға мүмкіндік алмақ. Құрылыс жұмыстары алты жылға созылады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, аталған елдің билік өкілдері мешіт орналасқан ауданды да жаңартуға ниет етіп отыр. Ескі, апатты жағдайдағы ғимараттарды бұзып, орнына заманауи көлік магистральдары мен жаяу жүргіншілерге арналған жер асты жолдарын салу көзделуде.
Құрылыс жұмыстары нәтижесінде мешіт ауданы 40 мың шаршы метрге үлкейіп, қаланың инфрақұрылымы жаңа серпінмен дамымақ. Сондай-ақ, қажылыққа келушілердің де жағдайын жақсарту мақсаты қарастырылған.

 

Еламан Қоңыров

islam-orkenieti.kz

Return to Top ▲Return to Top ▲