8.07.2020 04:36

«Қызылжар» орталық мешіті Құрбан айт мерекесін атап өтті

  • 1 533 рет оқылды
  • Ауа-райының суық болғанына қарамастан қызылжарлықтардың жас-кәрісі орталық мешітке қарай ағылды. Құрбан айтқа жиналған адам мешітке сыймай кетті. Бұл күні бір тудың астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан қаншама ұлт пен ұлыс өкілдері кездесіп-көрісіп, ұлық болған Құрбан айт мерекесінде игі тілектерін айтып, ниеттерін білдірді.

    Күн шығар-шықпас мешіттің ұстазы Хамзат Әділбеков халыққа мерекелік уағызын бастады. Уағыздан кейін мешіт бас имамының уақытша міндетін атқарушысы Алыпқашев Аян Болатұлы жиналған мұсылман бауырларды Құрбан айтпен құттықтап, сөз тізгінін қала жұртшылығын арнайы құттықтауға келген облыс әкімі Самат Сапарбекұлы Ескендіровке берді. Өңір басшысы жиналған қауымды айтулы  мерекемен құттықтады. «Бұл мейрамның тарихи тамыры сонау тереңде жатыр, оны қазіргі күні барша мұсылман қауымы атап өтуде. Құрбан айт мерекесі қазақ еліндегі барша ұлттар мен  ұлыстарға ортақ мереке», — деп атап өтті өңір басшысы. Сонымен қатар әкім жиналған жамағатты жетімдер мен жесірлерге, тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға, денсаулығы нашар адамдарға көмек қолын созуға шақырды, ол үшін әр мұсылман азаматы сауапқа ие болатынын атап өтті. Сөз соңында облыс әкімі Самат Сапарбекұлы жерлестерін құттықтай келе, оларға зор денсаулық, бейбітшілік пен қайыр-шарапат тіледі.

    07

    1-сурет. Өңір басшысы Самат Сапарбекұлының қызылжарлықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтауы

    Айт намазы өңіріміздің барлық мешіттерінде сағат 08.30-да басталды. Мерекелік намазға жат жерлік мұсылмандар да қатысты. Намаздан кейін жиналған жұрт бір-бірін құшақтап, Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

    Намаздан кейін мешіт жанында облыс әкімі Самат Сапарбекұлы құрбандық шалды. Осы ірі қараның еті түгелдей жетімдер үйіне берілетіндігі айтылды.

    DSC00691

    2-сурет.Алғаш құрбан шалынды.

    Құрбан айт мерекесінде басты ғибадат болып саналатын құрбан шалу үшін қаламыздың үш мешіті бірлесе отырып алдын-ала арнайы орындар дайындаған. Ниет еткен мұсылмандардың құрбандық шалуына ыңғайлы болуы үшін жағдайлар жасалынды. Мешіт қызметкерлеріне мешіттің атауы мен суреті бар арнайы киім тігілді. Бекітілген жоспар бойынша құрбан шалынатын жерде кезекшілік атқарды. Келген халықтың қай-қайсысына болмасын жіті көңіл бөлініп, құрбан шалудың үкімдері түсіндірілді. Мал сатушылар бұл күні мал бағасын шектен асырмады.

    Құрбан айт мерекесі қарсаңында мешіт ауласында, құрбандық шалынатын орындарда тазалық жұмыстары жүргізілді.  Жергілікті әкімшілікпен келісе отырып, мешіт аулаларына, көшелерге және құрбан шалатын орынға «Құрбан айт құтты болсын!», «Намаз оқы, құрбан шал» деген баннерлер мен плакаттар ілінді. Мүфти хазреттің Құрбан айтпен құттықтауы мемлекеттік мекеме басшыларына, түрлі саладағы қызмет ететін лауазымды адамдарға берілді. Мереке күндері мешітке халықтың көп жиналатынын ескере отырып, облыстық Ішкі істер департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті, Денсаулық сақтау департаменттеріне хат жіберіліп, Құрбан айтта аталған мекемелердің қызметкерлері кезекшілік атқарды. Мүфти хазреттің, облыс имамының құттықтаулары облыстық «Солтүстік Қазақстан», «Северный Казахстан» газет беттерінде шықты. Сондай-ақ «Солтүстік Қазақстан» газетінде «Қызылжар» орталық мешіті Бас имамының уақытша міндетін атқарушысы Алыпқашев А. Б. «Хикметі мол ұлық мереке» атты мақаласы, «Қызылжар нұры» газетінде қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Жапишев Ә. «Ұлық мейрамда қайырымдылық жасауға тырысайық» мақаласы жарияланды. Мешіттің жоғарғы мен төменгі қабаттарында орналасқан жүгіртпе жолдарына қазақ және орыс тілінде құттықтаулар, сондай-ақ жергілікті теледидардың жүгіртпе жолына да құттықтау мен хабарландыру жіберілді. «Құрбан айт мүбарак болсын» атты арнайы буклеттер  жасалынды. Буклетте құрбан айттың мәні мен маңызы жайында, сондай-ақ құрбан шалу үкімдері толық түсіндірілген. Аталмыш буклеттер мереке алдында жамағатқа таратылды. Келіп-түскен өтініштер қарастырылып, мешіттің алқа мүшелерінің шешімімен тұрмыстық жағдайлары төмен, жетім-жесір, кемтар-кембағал, денсаулықтары нашар адамдарға барынша көмек көрсетілді.

    Құрбан айтқа арналған шаралар барысында «Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамдары мешітке келген адамдармен сұхбаттасып, құрбан айт пен құрбан шалудың пайдалары мен хикметтері турасында, халықтық дәстүр, мұсылмандық салт-сана төңірегінде әңгіме жүргізіп отырды.

    Құрбан айттың бірінші күні «Қызылжар» орталық мешітінің асханасында жиылған жұртқа арналып ақ дастархан жайылды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетін орындап, аузын бекіткен бауырларымыз осы дастарханнан ауыздарын ашты. Бұл күндері мұндай көл-көсір дастархан өңіріміздегі әр мұсылманның үйінде жаюлы тұрды.

    Түс ауа өңіріміздің бас мешітіне күллі мұсылман қауымы үшін ұлық болған Құрбан айт мерекесімен құттықтау үшін Петропавл және Булаево епископы, Гурий Шалимов Георгий және Рим-католик шіркеуінің настоятелі Дариуш Пашинский келіп, бас имамның уақытша міндетін атқарушысы А. Алыпқашев имаммен кездесіп, құттықтауларын жеткізді. «Дініміз түрлі болғанымен, сеніміміз бір. Аллаһты Жалғыз, пайғамбарларды хақ деп танимыз. Барша мұсылман үшін ұлық болған Құрбан айт мерекесімен құттықтауға келгендеріңіз үшін алғысымды білдіреміз»,- деп, имам қонақтарға ризашылығын білдірді. Бұл – біздің көп ұлтты, көп дінді егемен Қазақстан елімізде ынтымағымыз жарасып, тату-тәтті өмір сүріп келе жатқатымыздың бірден-бір көрінісі десек қателеспейміз.

    поптар

    3-cурет. Христиан дін өкілдері де мұсылмандарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

    Құрбан айт мерекесінің соңғы күні ұлағатты ұрпақ, иманды жастар сабақтастығын қалыптастыру, мерекені сезіндіру мақсатында «Қызылжар» орталық мешітінің ұйымдастыруымен Солтүстік Қазақстан облыстық спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары арасында спорт ойындарынан жарыс өткізілді. Игі іс-шараны «Қызылжар» орталық мешіті бас имамының уақытша міндетін атқарушысы Алыпқашев Аян Болатұлы мерекелік құттықтауымен бастап, айтулы мерекенің мәні мен маңызын қысқаша түсіндіріп өтті. Қатысушыларға сәттілік тіледі. Жарысқа үш топ қатысты. Спортқа жаны құштар балаларымыз эстафеталық ойындар, арқан тартыс, гір көтеру, аударыспақ сынды жарыстарда өздерінің күштерін, ептілігін, шапшаңдықтарын көрсете білді. Жарысты тамашалауға келген жанкүйерлер де қатысушыларды қолдап, оларға қосымша күш бергендей болды. Мерекелік іс-шара барысында қазақтың қара домбырасымен   күй шертіліп, дәстүрлі ән айтылды. Жарыс соңында қазылар алқасы келісе отырып, әділ шешімдерімен жарыстың жеңімпазын анықтады. Үшінші орынға ие болған «Барыс» тобына электр шәйнегі табысталды. Екінші орынды «Арлан» тобы жеңіп алды. Бұл командаға үтік пен үтіктегіш тақтай табысталды. Ал бірінші орынға ие болған «Мұсылман бауырлары» тобына шаңсорғыш табысталды. Сондай-ақ әр командаға марапаттау қағаздары берілді. Іс-шара соңында жастарға діни кітаптар мен Құрбан айтқа арнайы жасалынған буклеттер таратылды.

    DSC00932

    4-сурет.Спорт мектеп-интернатында жарыс өткізілді.

    Аллаһ тағаланың мұсылмандарға Құрбан айт мерекесін берудің бірден-бір себебі – мұқтаж жандарға көмек көрсету, қамқорлық жасау. Осы қағиданы ескере отырып, «Қызылжар» орталық мешіті өңіріміздің құрметті азаматшалары Сәуле апай, Нурия апайлармен бірлесе отырып, қаламыздың жетім-жесірлерге, мүгедектерге арналған интернат-үйлерінің балаларына арнайы мерекелік дастархан жайып, ас берді. Балалар дән риза болып, өздерінің алғыстарын айтып жеткізді. ҚМДБ-ның Жалпы және жастар бөлімінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі,  «Қызылжар» орталық мешітінің найб имамы Қайыргелді Руслан келген балаларға мешіттің ішін көрсетіп, Құрбан айт мерекесінің мәні мен маңызы жайында түсіндірді. Сондай-ақ асыл дініміздің шарттарымен таныстырып, уағыз-насихат айтып, қойылған сауалдарға толыққанды жауап берді. «Жетім көрсең, жебей жүр» дегендей, ананың ыстық махаббаты мен қамқор әкенің шапағатынан мақрұм қалған балалардың бұл күні жүздерінен күлкі, көздерінен шаттық байқалды. Тәрбиешілері де балалардың қуаныштарына ортақтасып, мешіт ұжымына, Сәуле апай, Нурия апайларымызға алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді. Шараны «Қызылжар» орталық мешітінің найб имамы Қайыргелді Руслан Құран аятымен аяқтап, ниет білдіріп келем деушілерге мешіт есігі әрдайым ашық екенін айтты.

    DSC01041

    5-сурет. Жетім балаларға Құрбан айт құрметіне ас берілді.

    Солтүстік Қазақстан облысына қарасты барлық аудан мешіттері де Құрбан айт мерекесін аса қуанышпен қарсы алып, жақсы көңіл-күймен өткізді. Құрбандық шалынып, мұқтаж жандарға, жетім-жесірлерге көмек көрсетілді. Үш күнге созылған ұлық мейрамда өңіріміздегі әр үйде дастархан жайылып, мерекенің иісі сезіліп тұрды. Ағайын-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңды жүздестіретін қасиетті Құрбан айт мерекесі Қызылжар өңірінде осылай аталып өтті.

     

    «Қызылжар» орталық мешітінің

    баспасөз қызметі

     

     

     

    Вы можете оставить комментарий, или ссылку на Ваш сайт.

    Оставить комментарий

    Return to Top ▲Return to Top ▲