2.06.2020 08:22

Исламдағы мирастың орны

  • 1 515 рет оқылды
  •        Ислам дінінің кемелдігінің бірден-бір көрінісі — адам баласының өмірден өткеннен кейін шариғат шеңберінде мұра жүйесінің реттелуі. Мұра шариғат тілінде мирас адамның артында қалған мал-мүлігі. Адам баласын жан тапсырғаннан кейін жер қойнына тапсырады, бұған кететін шығын сол қайтыс болған адамның дүниесінен алынады. Бұл амалдан кейін оның барлық қарыздары сол жиған дүниесінен қайтарылады. Егер дүниесінен өсиет қалдырса, барлық мұрадан үштен бірінен аспайтын өсиеті амалға асырылады.  Жоғарыдағы шығындардан кейін қалған мүлік мұрагерлерінің арасында шариғат бекіткендей бөлінеді. Егер адамның мүлдем мұрагерлері болмаса, мұсылман қорына (байтул мал) табыс етіледі.        Ер адамдар тарапынан мирас иеленуі мүмкін адамдар:

    1- Баласы, немересі, әрі қарай

    2- Әкесі, атасы, әрі қарай

    3- Туған бауыр және оның баласы, әкесі бір, шешесі бөлек, бауыр оның баласы, шешесі бір, әкесі бөлек бауыр

    4- Әкенің туған бауыры және оның баласы, әкенің  әкесі бір, шешесі бөлек бауыры және оның баласы

    5-Күйеу

    6- Құлды азат етуші.

    Әйел адамдар тарапынан мирас иеленуі мүмкін адамдар:

    1- Қызы, немере (баласы тарапынан) қызы, шөбере (баласы тарапынан) қызы одан да төмен.

    2- Анасы, әжесі (әке тарапынан, ана тарапынан)

    3-Туған әпке-қарындастары, (әкесі бір, шешесі бөлек , шешесі бір, әкесі бөлек әпке-қарындастары)

    4- Құлдықтан азат етуші әйел.

    Құранда келген мирастағы бөлістің үлестері:

        1/2  үлес:

    —          Күйеуіне, егер қайтыс болаған әйелдің баласы немесе немересі болмаса.

    —          Қызына, баласының қызына, егер ер бала болмаса.

    —          Туған әпке-қарындастары, немесе әкесі бір, шешесі бөлек әпке-қарындастары, егер олардан басқа ешкім болмаса.

        1/4  үлес:

    —          Күйеуі, егер қайтыс болған адамның баласы немесе немересі болмаса.

    —          Әйелі, егер қайтыс болған адамның баласы немесе немересі болмаса.

    1/8 – үлес:

    —          Әйелі, егер күйеуінің балалары болса

    2/3 – үлес:

    —          Екі немесе одан да көп қыз, егер бауырлары болмаса немесе екі немесе одан да көп немере қызға, егер бауырлары болмаса.

    —          Екі немесе одан да көп әке тарапынан болған әпке қарындасқа.

    1/3 – үлес:

    —          Анасы, егер қайтыс болған адамда бала немесе немере, екі немесе одан көп апа-бауырлары болмаса.

    —        Екі немесе одан да көп ана жағынан болған апа-бауырлар.

    1/6 – үлес:

    —          Әке немесе ата, егер қайтыс болған адамда бала немесе немере болса.

    —          Анасына, егер қайтыс болған адамда бала немесе немере немесе екі одан да көп апа-бауырлары болса.

    —          Әже

    —          Немере қызы егер қайтыс болған адамда туған қызы болса.

    —          Әке тарапынан болған әпке-қарындастары, егер оның туған әпке-қарындастары болса.

           Мирастың тәртібі

           Мираста жақын туыстың алыс туыстарын жауып мирасқа жол бермейтін кездері болады.

    Ата – әкенің болуымен мирастан үлесі болмайды.

    Әже – ананың болуымен мирастан үлесі болмайды, сол секілді әженің болуы арғы әжелерге мирасқа жол жабады.

    Немере (қыз, ер бала) – туған баланың болуы мирастан үлесін жояды.

    Барлық жақтан болған бауырлары – әкесі, баласы, немересі болумен мирастан үлесі болмайды.

    Бауырының балалары — әкесі, баласы, немересі (ұлынан), туған бауыры, әке тарапынан болған бауыры болумен мирастан үлесі болмайды.

    Әкесінің туған бауыры немесе әке тарапынан болған бауыры — әкесі, баласы, немересі (ұлынан), туған бауыры, әке тарапынан болған бауыры, туған бауырының баласы, туған әпке-қарындастарының бірі болумен мирастан үлесі болмайды. Барлық жағдайда мирасқа ие болатын мұрагерлер олар ата-анасы, балалары, жұбайы

    Мирас турасында келген Құран аяттары:

    ﴿لِّلرِّجَالِ نَصيِبٌ مِّمَّا تَرَكَ الْوَالِدَانِ وَالأَقْرَبُونَ وَلِلنِّسَاء نَصِيبٌ مِّمَّا تَرَكَ الْوَالِدَانِ وَالأَقْرَبُونَ مِمَّا قَلَّ مِنْهُ أَوْ كَثُرَ نَصِيباً مَّفْرُوضاً﴾

          Әке-шеше және жақындардың қалдырған нәрселерінен еркектерге де үлес бар. Әке- шеше және жақындардың қалдырған нәрселерінен әйелдерге де үлес бар. Аз немесе көп болса да, одан өлшеулі несібе бар[1].

          Исламға дейінгі заманда арабтар балаларына мұра қалдырып, қыздарына мүлдем мирастан үлес бөлмейтін. Сол секілді балаларының үлкендеріне, күштілеріне мирас беріп, кішілеріне бермей қойған жайттар кездесетін.

    Екінші аятта:

    ﴿يُوصِيكُمُ اللّهُ فِي أَوْلاَدِكُمْ لِلذَّكَرِ مِثْلُ حَظِّ الأُنثَيَيْنِ فَإِن كُنَّ نِسَاء فَوْقَ اثْنَتَيْنِ فَلَهُنَّ ثُلُثَا مَا تَرَكَ وَإِن كَانَتْ وَاحِدَةً فَلَهَا النِّصْفُ وَلأَبَوَيْهِ لِكُلِّ وَاحِدٍ مِّنْهُمَا السُّدُسُ مِمَّا تَرَكَ إِن كَانَ لَهُ وَلَدٌ فَإِن لَّمْ يَكُن لَّهُ وَلَدٌ وَوَرِثَهُ أَبَوَاهُ فَلأُمِّهِ الثُّلُثُ فَإِن كَانَ لَهُ إِخْوَةٌ فَلأُمِّهِ السُّدُسُ مِن بَعْدِ وَصِيَّةٍ يُوصِي بِهَا أَوْ دَيْنٍ آبَآؤُكُمْ وَأَبناؤُكُمْ لاَ تَدْرُونَ أَيُّهُمْ أَقْرَبُ لَكُمْ نَفْعاً فَرِيضَةً مِّنَ اللّهِ إِنَّ اللّهَ كَانَ عَلِيما حَكِيماً * وَلَكُمْ نِصْفُ مَا تَرَكَ أَزْوَاجُكُمْ إِن لَّمْ يَكُن لَّهُنَّ وَلَدٌ فَإِن كَانَ لَهُنَّ وَلَدٌ فَلَكُمُ الرُّبُعُ مِمَّا تَرَكْنَ مِن بَعْدِ وَصِيَّةٍ يُوصِينَ بِهَا أَوْ دَيْنٍ وَلَهُنَّ الرُّبُعُ مِمَّا تَرَكْتُمْ إِن لَّمْ يَكُن لَّكُمْ وَلَدٌ فَإِن كَانَ لَكُمْ وَلَدٌ فَلَهُنَّ الثُّمُنُ مِمَّا تَرَكْتُم مِّن بَعْدِ وَصِيَّةٍ تُوصُونَ بِهَا أَوْ دَيْنٍ وَإِن كَانَ رَجُلٌ يُورَثُ كَلاَلَةً أَو امْرَأَةٌ وَلَهُ أَخٌ أَوْ أُخْتٌ فَلِكُلِّ وَاحِدٍ مِّنْهُمَا السُّدُسُ فَإِن كَانُوَاْ أَكْثَرَ مِن ذَلِكَ فَهُمْ شُرَكَاء فِي الثُّلُثِ مِن بَعْدِ وَصِيَّةٍ يُوصَى بِهَا أَوْ دَيْنٍ غَيْرَ مُضَآرٍّ وَصِيَّةً مِّنَ اللّهِ وَاللّهُ عَلِيمٌ حَلِيمٌ﴾ [النساء: 11-12].

     Алла сендерге, балаларың жайында; бір еркекке екі әйелдің мирасындай үлес бұйырады. Егер әйелдер екінің үстінде болса, онда қалған малдың үштен екісі олардікі. Ал егер жалғыз қыз болса, онда жартысы онікі. Өліктің баласы болса, әке-шешесіне қалған малдың алтыдан бірі тиеді. Егер баласы болмай оның мұрагері әке-шешесі ғана болмай, онда шешесіне үштен бірі тиеді. Егер өліктің туыстары болса, онда шешесіне алтыдан бірі тиеді. (Бұлар) етілген өсиет және борыш өтелгеннен кейін орындалады. Сендер әкелеріңмен ұлдарыңның пайда тұрғысынан қайсысы жақын екенін білмейсіңдер. Бұл үкімдер, Алла тарапынан бекітілген. Күдіксіз Алла, терең білім, хикмет иесі.  Сендерге баласы болмаған жұбайларыңның қалдырған нәрселерінің жартысы тиеді. Ал егер олардың баласы болса, олардың қалдырған нәрселерінің сендерге төрттен бірі тиеді; олардың өсиеті және борышы өтелгеннен кейін. Егер сендерде бала болмағанда, қалдырған нәрселеріңнің оларға төрттен бірі, сендерде бала болса, оларға сегізден бірі тиеді; өсиеттерің және борыш өтелгеннен кейін. Ал егер мирас алынатын әке-шешесіз және баласыз (кәлала) ер немесе әйелдің бір еркек яки қыз туысы болса, онда әрбіріне алтыдан бірі, олар бірден көп болса, сонда олар үштен біріне ортақ болады; өсиет және борыш өтелгеннен кейін. Өсиет, зиянсыз болу керек, Алланың нұсқауы осы. Алла (Т.) әр нәрсені білуші, өте жұмсақ.[2]

     Жоғарыда аяттарда әйелдің әділетсіздікке ұшырап,  абыройы кемімейтінін, керісінше Исламдағы мирасты бөлу тәртібі әйел кісі үшін тиімді екенін байқатады.

    Мирас ілімінің шариғи мұғжизалары

    1- Мирас үкімдерінің адами болмысқа, түйсікке сәйкес келуі:

    Ислам шариғатының негізгі ұстанымдарының бірі – адам өмірін ретке келтіру, ақыреттік және дүние жаманшылықтарынан алыстату. Ислам шариғатының негізгі мақсаттарының бірі – адам өмірін тығырыққа тіремеу. Алла тағала Құран кәрімде:

    ﴿هُوَ اجْتَبَاكُمْ وَمَا جَعَلَ عَلَيْكُمْ فِي الدِّينِ مِنْ حَرَجٍ﴾      Сендерді Ол таңдады. Сендерге дінде қиындық қылған емес.[3]

         Басқа бір аятта:

    ﴿يُرِيدُ اللّهُ بِكُمُ الْيُسْرَ وَلاَ يُرِيدُ بِكُمُ الْعُسْرَ﴾ 

    Алла (Т.) сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды[4]

    Дүние, мал-мүлік, Алла тарапынан берілген сынағы, өмірдің зейнеті мен бейнеті болғанымен, оны жиған адам үшін қалай сақтау керектігін,  өсіріп, өнуін шариғат шеңберінде үйретіп кеткен. Сол жиған дүние мүліктің сақталып, талан-тараж болмауының бірден-бір жолы – мұрагерлік (мирас).

         Адам дүниені және оны жиғанды жақсы көреді және сол дүниесінің сәйкесінше ұрпақтарына тиесілі болғанын қалайды. Шариғат тарапынан бұл мәселенің реттелгенін білген құл малын көбейту арқылы одан бетер құштарлана түседі. Бұл адамды дүниеқұмарлыққа итермелеу арқылы Алла алдындағы негізгі міндеттерін орындауда тосқауыл болу емес, керісінше сол дүниесі арқылы қоғамға пайдасын тигізу. Өйткені ислам байлыққа, дүниеге кенелуге тыйым салмайды. Алла тағала Құран кәрімде:

    ﴿أَوَلَمْ يَرَوْا أَنَّا خَلَقْنَا لَهُمْ مِمَّا عَمِلَتْ أَيْدِينَا أَنْعَاماً فَهُمْ لَهَا مَالِكُونَ﴾

    Олар үшін рас құдыретімізбен хайуандарды жаратқанымызды көрмей ме? Сондай-ақ өздері оларға иелік етеді.[5]

        2- Исламдағы мирас мұраның аз топтың қолында кетуге кедергі болады:

             Ислам дінің кіршіксіз таза пәк дін екенінің бірден-бір көрінісі – мұрагерлік дүние мүліктің  бір топқа тиесілі болып, екінші бір топқа тиесілі болмай қалуына жол бермейді. Батыс әлемінде секілді үй қызметшісіне не болмаса үйдегі ит, мысығына мұра ретінде тастап кетпейді.

    Ал исламда әрбір мұрагер адамның үлесін Құран аяты, Пайғамбар (с.а.у) хадистері реттеп бекіткен.

    3-  Жақын туыстық пен дүниеге қажеттілік арасындағы тепе-теңдік:

               Ислам дінінің кемелдігінің бір көрінісі мирастағы бөлу мәселесінде туыстық байланыстағы жақындық пен қажеттілікке ерекше көңіл бөледі. Алла тағала Құран кәрімде:      

    ﴿النَّبِيُّ أَوْلَى بِالْمُؤْمِنِينَ مِنْ أَنفُسِهِمْ وَأَزْوَاجُهُ أُمَّهَاتُهُمْ وَأُوْلُو الْأَرْحَامِ بَعْضُهُمْ أَوْلَى بِبَعْضٍ فِي كِتَابِ اللَّهِ مِنَ الْمُؤْمِنِينَ وَالْمُهَاجِرِينَ إِلَّا أَن تَفْعَلُوا إِلَى أَوْلِيَائِكُم مَّعْرُوفاً كَانَ ذَلِكَ فِي الْكِتَابِ مَسْطُوراً﴾

                   Алланың Кітабында; туысқандар бір-біріне мүміндерден де, мұһажірлерден де (мираста) жақын. Бірақ достарыңа (мүміндерге) қамқорлық жасауларыңа болады. Осылар Кітапта жазылған болатын.[6]

                Ислам шариғатында туыстық қатынасты реттеу тәртібі:

    • Тараптар. Бір тарапты екінші тараптан жақын қылу. Мысалы мираста туған бауырларға қарағанда балалардың жақындығы анағұрлым үлкенірек.
    • Дәреже. Егер дәреже тұрғысынан бірдей болса, онда адамға жақын буын үстемірек болады. Мысалы, немере мен туған бала екеуі де балалар тармағына жатады, бірақ адам үшін немереге қарағанда баланың байланысы жақын болғандықтан, бала үстемірек болады. Сол секілді әке мен ата мирасқорлыққа тап келсе, әке жақын буын болғандықтан, мираста үстемдік болып саналады.
    • Жақын байланыстың болуы. Туыстық байланыс тұрғысында жақынырақ байланыста болған үстемірек болады. Мысалы: бауырлардың арасында туған бауыр мен әкесі бір шешесі бөлек бауыр болса, туған бауыр жақынырақ болады.

    Ислам шариғатының нәзік үкімдерінде байқап отырғанымыздай, мирасқорлықта әкеден қарағанда бала үстемірек болады. Ислам дінінде әке-шешенің  орны ерекше бола тұра балалардың мұқтаждығын, жастығын ескере отырып, мираста балаларды үстем қылған.

    Мираста ер баланың қыз баладан қарағанда екі есе көп мирасқа ие болу бір қарағанда әйелге деген әділетсіздік болып көрінуі мүмкін, алайда оның өзіндік хикметтері мен себептері бар;

    — Ер адам әйел адамға қарағанда материалдық шығына көбірек. Үйленген кезде ер адамның әйелге мәһір беру уәжіп амалдардан, ал әйелде ондай міндеттер жоқ. Алла тағала Құран кәрімде:

    ﴿وَآتُوا النِّسَاءَ صَدُقَاتِهِنَّ نِحْلَةً﴾

    Әйелдердің мәһерін (қалыңын) ықыласпен беріңдер.[7]

    2- Ер адам өзінің әйелінің, балаларын қажеттілігін өтеуі уәжіп амалдардан, бұл амалдармен әйел адамға міндеттемейді, оның мирасы өзінің жеке мүлкі, қайда, қалай жұмсаса өзінің құқығында. Алла тағала Құран кәрімде ер адамның міндеттері турасында былай суреттейді:

    ﴿لِيُنْفِقْ ذُو سَعَةٍ مِنْ سَعَتِهِ وَمَنْ قُدِرَ عَلَيْهِ رِزْقُهُ فَلْيُنْفِقْ مِمَّا آتَاهُ اللَّهُ لا يُكَلِّفُ اللَّهُ نَفْساً إِلاَّ مَا آتَاهَا…﴾

    Кеңшілік иесі бай кісі; өзіне Алланың бергені бойынша нафақа берсін. Алла біреуге оған бергенінен артық жүктемейді. [8]

    Басқа бір аятта:

    ﴿وَعَلَى الْمَوْلُودِ لَهُ رِزْقُهُنَّ وَكِسْوَتُهُنَّ بِالْمَعْرُوفِ﴾

           Ананың тиісті қорегі мен киімі баланың әкесіне міндет. [9]

    3- Ер адам өзінің туыстарының қажеттілігін өтеуіне міндетті. Сонымен қатар ер адамның қоғамдағы статусына байланысты белгілі жауапкершіліктерді арқалап жүру жүгі бар. Шариғатта бір анадан туған бауырлар арасында мираста айырмашылық жоқ. Алла тағала Құран кәрімде:

    ﴿وَإِنْ كَانَ رَجُلٌ يُورَثُ كَلالَةً أَوِ امْرَأَةٌ وَلَهُ أَخٌ أَوْ أُخْتٌ فَلِكُلِّ وَاحِدٍ مِنْهُمَا السُّدُسُ فَإِنْ كَانُوا أَكْثَرَ مِنْ ذَلِكَ فَهُمْ شُرَكَاءُ فِي الثُّلُثِ﴾

    Ал егер мирас алынатын әке-шешесіз және баласыз (кәлала) ер немесе әйелдің бір еркек яки қыз туысы болса, онда әрбіріне алтыдан бірі, олар бірден көп болса, сонда олар үштен біріне ортақ болады[10]

                Әйел мен еркектің мирасты иеленуіндегі кейбір жағдайларға мысал:

                Әйел мен ер  бірдей деңгейде мирасқа иеленуі:

    Әке мен шешенің мирастан алтыдан бір бөлікке ие болуы. Алла тағала Құран кәрімде:

    ﴿وَلأَبَوَيْهِ لِكُلِّ وَاحِدٍ مِنْهُمَا السُّدُسُ مِمَّا تَرَكَ إِنْ كَانَ لَهُ وَلَدٌ﴾

    Өліктің баласы болса, әке-шешесіне қалған малдың алтыдан бірі тиеді.[11]

                Егер бір адам дүниеден өтіп, артында әке-шешесін баласын қалдырса, әке-шешесі алтыдан біріне ие болып, қалғанын баласы ие болады.

    Екінші мысал, егер адам қайтыс болып, артында анадан туған бауырлары қалып, туған баласы болмаса, әйелдер де, ер адамдардан болған бауырлары бірдей дәрежеде алтыдан бір бөлікке ие болады. Алла тағала Құран кәрімде:

    ﴿وَإِنْ كَانَ رَجُلٌ يُورَثُ كَلالَةً أَوِ امْرَأَةٌ وَلَهُ أَخٌ أَوْ أُخْتٌ فَلِكُلِّ وَاحِدٍ مِنْهُمَا السُّدُسُ فَإِنْ كَانُوا أَكْثَرَ مِنْ ذَلِكَ فَهُمْ شُرَكَاءُ فِي الثُّلُثِ﴾ .

    Ал егер мирас алынатын әке-шешесіз және баласыз (кәлала) ер немесе әйелдің бір еркек яки қыз туысы болса, онда әрбіріне алтыдан бірі, олар бірден көп болса, сонда олар үштен біріне ортақ болады[12]

                Әйел адамның ер адамнан қарағанда көп мирасқа ие болатын кездері:

    Егер адам қайтыс болып, артында қызы және әкесі қалса, қызына жарты мирас нәсіп болса, әкесіне алтыдан бір бөлігіне иеленеді. Алла тағала Құран кәрімде:

    ﴿فَإِنْ كُنَّ نِسَاءً فَوْقَ اثْنَتَيْنِ فَلَهُنَّ ثُلُثَا مَا تَرَكَ وَإِنْ كَانَتْ وَاحِدَةً فَلَهَا النِّصْفُ وَلأَبَوَيْهِ لِكُلِّ وَاحِدٍ مِنْهُمَا السُّدُسُ مِمَّا تَرَكَ إِنْ كَانَ لَهُ وَلَدٌ﴾

    Ал егер жалғыз қыз болса, онда жартысы оныкі. Өліктің баласы болса, әке-шешесіне қалған малдың алтыдан бірі тиеді.[13]

    • Егер бір адам қайтыс болып, артында қызы және екі бауыры қалса, қызына жарты мирас қалған екі бауырына әрбіреуіне төрттен бір бөліктен нәсіп болады.
    • Егер бір адам қайтыс болып, артында екі қызы және екі бауыры қалса, қыздары екіден асқандықтан, әрбіреуі үштен бір бөлікке иеленеді қалған үштен бір бөлігі екі бауырдың арасында бөліске салынады, сонда әрбіреуі алтыдан бір бөлшекке ие болады.
    • Егер бір әйел қайтыс болса, артында қызы мен күйеуі қалса, қызы жарты мирасты иеленсе, күйеуі төрттен бірін иеленеді. Бұл тұста қызы әкесінен екі есе көп мирасқа қолы жетіп тұр.

    Әйел адам мирас алып, ер адам мирас иеленбейтін кездер:

    • Бір адам қайтыс болып, артында ұлы, қызы және екі бауыр қалса, ұлы мен қызы мирасқа иеленіп, мирасқор ер адам болғандықтан, туған бауырлар мираста қамтылмайды.
    • Бір адам қайтыс болып, артында қыз, туған әпке, әкесі бір шешелері бөлек ағасы, туған бауырының баласы, әкелері бір шешелері бөлек ағасының баласы, әкесінің бауыры және оның бауыры болса, бұл жерде алғашқы екеуі барлық ер адамдарды мирас иеленуіне кедергі жасап, тек туған қызы мен туған әпкесі ғана иеленді. [14]

    Жоғарыда келтірілген мысалдар арқылы ислам шариғатындағы әйелдерге қатысты мирастың оңтайлы тұстарын байқауға болады. 19-ғасырда өмір сүрген француз ойшылы Гюстаф Лебон ислам дініндегі мирас мәселесі жайында былай дейді: «Құранда баян етілген мирас негіздері әділдікке, туралыққа үндейді, бұған қатысты Англия, Франция құқық жүйелерін салыстырғанда ислам діні мирас мәселесінде әйелдерге көптеген жеңілдіктер жасаған, бұның мысалын біздің заңдарымызда кездестіру мүмкін емес»[15].

    4- Мирастың бір бөлігі мирас қалдырушы адамның иелігіне қалдырылады. Алла тағала қасиетті Құран кәрімде:

    ﴿مِن بَعْدِ وَصِيَّةٍ يُوصَى بِهَا أَوْ دَيْنٍ غَيْرَ مُضَآرٍّ وَصِيَّةً مِّنَ اللّهِ وَاللّهُ عَلِيمٌ حَلِيمٌ﴾

    Өсиет және борыш өтелгеннен кейін. Өсиет, зиянсыз болу керек, Алланың нұсқауы осы. Алла (Т.) әр нәрсені білуші, өте жұмсақ.[16]

    Жоғарыдағы Құран аятындағы «зиянсыз болу керек» деген сөз, негізгі мирасқорларға ол өсиет мұраның зияны болмауы керек, яғни мирастың үштен біріне асып кетпеуі қажет. Пайғамбарымыздан Сағд ибн Әби Уақас өсиетке қанша қалдырайын деп сұраған кезде (өйткен ол кезде оның жалғыз қызы ғана болатын):

    فالثلث، والثلث كثير،

             «Үштен бірі, оның өзі көп» [17]деген.

    5- Мирас қалдырушы адамды өлтіруші мирастан мақрұм қалады. Мирас қалдырушы адамды мирасты иеленуші адамдардың арасында өлтіретін болса, мирастағы үлесінен мақрұм қалады. Бұл мирас иеленудегі негізгі кедергілерден болып табылады.

    6- Құран аяттары арқылы бекітілуі.   Исламда құлшылықтардың көбі Құран кәрімде жеке-жеке талдаусыз жалпылама  түрде айтылады. Оның қалай орындалатыны, іске асатыны пайғамбар (с.а.у) хадистерінде баян етіледі. Мирастың ерекшелігі бөлістің қалай жасалатыны, әр мұрагердің үлесін Құран аяттарында баян етілген. Бұл өз кезегінде шариғат тарапынан бекітілгеннен кейін мирасқорлар арасында ешбір уәж, наразылық орны алмайды өйткені бұл адам тарапынан бекітілмеген, Алла тарапынан Құран аяттарында, хадистерде бекітілгеннен кейін бұл үкімге еш қарсылықсыз келіседі. Сонымен қатар бұл үкімдердің негізі төрт аят пен үш хадиске тіреледі. Осы негіздер арқылы мұсылман ғалымдары мирас ілімін түзейді.

    Хамзат ӘДІЛБЕКОВ

    «Қызылжар» орталық мешітінің ұстазы

    [1] Ниса сүресі, 7-аят.

    [2] Нисә сүресі, 11-12 аяттар

    [3] Хадж сүресі, 78-аят

    [4] Бақара сүресі, 185-аят

    [5] Ясин сүресі,

    [6] Ахзаб сүресі 6-аят

    [7] Ниса сүресі, 4-аят

    [8] Талақ сүресі, 7-аят

    [9] Бақара сүресі 233-аят

    [10] Нисә сүресі, 12-аят

    [11] Нисә сүресі, 11-аят.

    [12] Нисә сүресі, 12-аят.

    [13] Нисә сүресі, 11-аят.

    [14] Салахуддин Султанның «Мирасул мар а уә қадиятул мусауа» кітабыны 10-беті

    [15] www.quranway.net

    [16] Ниса сүресі, 12-аят

    [17] Бұхари хадистер жинағы

    Вы можете оставить комментарий, или ссылку на Ваш сайт.

    3 комментария к записи “Исламдағы мирастың орны”

    1. Айна:

      Салеметсіз бе! Менің сұрағым бар еді. Адамның үш баласы бар. Оның біреуі менің əкем . əкем қайтыс болған. Атам биыл қайтыс болды. Адамның мирасы кімге тиесілі? əкемнің екі ұлы, екі қызы бар. Рахмет.

      • Хамзат:

        екі ұлы мен екі кызына тиесілі мысалы алты миллион калдырса екі баласына екі миллионнан кыздарына бір миллионнан әрине егер атаның әйелі болмаса

    2. Айна:

      Салеметсіз бе! Менің сұрағым бар еді. Адамның үш баласы бар. Оның біреуі менің əкем . əкем қайтыс болған. Атам биыл қайтыс болды. Атамның мирасы кімге тиесілі? əкемнің екі ұлы, екі қызы бар. Рахмет.

    Оставить комментарий

    Return to Top ▲Return to Top ▲