24.08.2019 15:35

Жаныңды қалай қиярсың?!

  • 437 рет оқылды
  • Аса қамқор ерекше Алла тағаланың атымен бастаймын. Күллі мадақ пен мақтау барша ғаламды жаратқан Аллаһ Тағалаға тән! Ардақты да сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) сансыз салауаттар мен сәлемдер болғай.Алла тағаланың тыйым салған іс-әрекетіне рұқсат етуіне, немесе керісінше орындауға рұқсат еткен іс-әрекеттеріне тыйым салуға ешкімнің ешқандай қақысы жоқ. Дегенмен пендешілікке салынып, Алла тағаланың әміріне көнбей, шектен шығып жатамыз. Бұл, әрине, ағаттық. Бірақ көп жағдайда бұл білместіктен, нәпсіге ерушіліктен, имамдар мен молдалардың уағыздарына құлақ аспаушылықтан, ең бастысы Алла тағаланың хақтығына сенбеуден болып жатады. Қатыгездік, жек көрушілік, араздық, дүниеге құмарлық, мансапқорлық сияқты және басқа да жаман әдеттер адамды қылмысқа итермелейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз өмірінің жартысынан көбін адам баласын имандылыққа, бірлікке, Алла тағаланың әміріне бой ұсынуға шақырған. Алла тағалаға сенген адам ең алдымен тозақ отынан қорқады. Алла тағаладан қорыққан адам өзінің басқан әрбір қадамын бақылап тұрғанын сезінеді. Алайда бұны білсе де, білмесе де оған құлақ аспай  жүргендер де баршылық. Соның бірі — кісі өлтіру, яғни жазықсыз адамның қанын төгу.

    Бұл орайда Алла тағала Қасиетті Құран Кәрімде: «Бір-біріңді өлтірмеңдер. Расында Алла тағала сендерге ерекше мейрімді. Ал кім осы айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз. Бұл Аллаға оңай» («Ниса» сүресі-29, аят) — делінген.

    Қазіргі қоғамда көптеген адамдардың әлеуметтік жағдайдың қиындығына төтеп бере алмай, өзіне-өзі қол жұмсап жатқанын көріп отырмыз. Өзін-өзі өлтіру адамның өзін өмірінен айыруы ғана емес, ол осы арқылы басқаларға жаман үлгі береді, туған-туысқандарын қасіретке ұшыратады, барлық жамандық осыда. Өзін өлтіргені үшін сол адам о дүниеде тозақ отына тасталады. Бұл орайда Құранда: «Ал кім Аллаһтың шектеріне шықса, расында ол, өзіне қастық қылған болады», («Талақ» сүресі-1, аят),- делінген.

    Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Азапқа душар ететін жеті күнәдан аулақ болыңдар»-дегенде сахабалар: «Ей, Алланың елшісі! Бұл қандай күнәлар?»-деп сұрады. Сонда Алланың елшісі: «Аллаға серік қосу, сиқыр жасау, Алланың рұқсат еткен жағдайларынан басқа уақытта кісі өлтіру, өсім жеу, соғыс майданынынан қашу, абыройлы, мүмин әйелдерді зинақор деп жала жабу»-деген. Тағы осыған қатысты бір хадисте: «Үлкен күнәлар-көпқұдайлық, Яғни Аллаға серік қосу, кісі өлтіру және жалған куәлік беру!»-деген.

     

    Адам өміріне қол сұғуға болмайды, әрі ол қасиетті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жануарларды азаптап, оларды өлтіргендердің барлығына лағнет айтқан. «Сахих әл-Бухариде және Муслимде» Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Бір әйел бір мысықты қамауда өлгенше ұстағаны үшін жазаға душар болды»-деген.

    Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Әрбір мұсылман үшін басқа бір мұсылман адамның өміріне, мал-мүлкіне және ар-намысына қол сұғуына қатаң түрде тыйым салынады»-деген. Өкінішке орай, бұл заңдылық ұмытылып бара жатыр. Расында, бір мұсылманның екінші біреуге шабуыл жасап, қол көтеруі, оны өлтіру мақсатында қару кезеуі немесе қанын төгуі – екі мұсылманды да тозаққа алып баратын, Алланың қаһарына ұшырататын ауыр күнә. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бір хадисіне орай Әбу Бәкір: «Егер екі мұсылман адам бір-бірімен қылыштарын айқастырып кездесетін болса, онда өлтірген адам да өлген адам да тозаққа түседі!»-деген де мен: «Ей, Алланың елшісі, өлтірген адамның тозаққа түсуі түсінікті, ал, өлген адам не үшін?»-деп сұрадым дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Ол да өзінің жолдасын өлтіруді қалады ғой»-деп жауап берген екен.

    Әдейі кісі өлтіру мен қан төгуі мұсылман адамды бірден иманынан айырады да, жазасы дайын болған имансыздардың қатарына қосады. Алла тағала Құранда: «Кім бір мүмінді әдейі өлтірсе, оның жазасы, ішінде қалатын тозақ болады. Сондай-ақ оған Алланың ашуы, қарғысы болып және оған зор қинау әзірлеп қойған»-деп баян етеді.

    Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Имансыз болып өлген мен әдейі кісі өлтіруден басқа қандай күнә болса да бәлкім кешірілер»-деген. Имам әл-Бухаридің «жинағындағы» хадисте: «Алланың жек көретін үш адамы бар» солардың қатарында: «….хақысыз қан төгу жолын іздеген адам»-делінген.

    Ауыр қылмыстың үш түрі бар. Бірінші жағдайды алатын болсақ, бұл қылмыс — жалпы кінәсіз жанды өлтіру, ал бұл болса адам өміріне қиянат жасау. Ал, екінші жағдайдағы қылмыс-зинақорлық. Ал, зинақорлық дегеніміз адамзат қоғамын өлтірумен пара-пар. Өйткені мұндай арсыздық орын алған қоғам жойылып кету мен құрып кету қаупі алдында тұр. Ал, үшінші жағдайда иманды адамның діннен шығуының салдарынан адамның жан дүниесі өлтіріледі. Өйткені, Алланың жалғыздығын мойындамай өмір сүрген адамның жан дүниесі өлі болып саналады.

    Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің немесе өзгенің қанын төкпеген адам Алланың рахымына бөленуі мүмкін екендігін білдірген. Ал өзін немесе өзгені өлтіруші кісі осы кеңдіктен құр қалады. Бұл айтылғандар адамның ақыл-есі мен ішкі ұжданының өзі кісі өліміне қарсы екендігін білдіретін деректер. Алла тағала бұдан үлкен ескертуді қасиетті Құран кәрімнің төмендегі аятында келтірген: «…өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді» («Ниса» сүресі, 29-аят).

    Тәпсірші ғалымдар Жаратушы Раббымыздың «өздеріңді өлтірмеңдер» деген тыйымында бірнеше мағына бар екендігін айтады. Сондай-ақ, «өздеріңді өздерің» деген сөздің астарында «бір адам екінші адамды өлтірмесін, өйткені олар екеуі де адам» деген мән жатыр. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Мүміндер – бір жан (адам) секілді» деген хадисінен де осы мағынаны аңғарамыз. Ал өз өмірін өз қолымен қиған жанның барар жері жалын атқан жаһаннам екендігін Ислам дінінің алғаш жылдарындағы мына бір оқиға айқындап бере алады:

    Хайбар шайқасында қаһармандық танытқан Кузманның тозаққа түсетінін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) білдірген болатын. Хузайи Әксүм деген сахаба Кузманның соғыстан кейінгі ауыр жарақатына төзе алмай, өз қылышына құлап өлгенін көреді. Кузманның өлімі жайлы Аллаһ елшісіне (с.ғ.с.) жеткізілгенде, ол былай дейді: «Адамдардың арасында сырттай қарағанда жәннат иелеріне тән қайырлы істерді жасап жүргендей көрінетіндер бар. Алайда олар тозақтық…» (Бұхари, Тағдыр, 5).

    Алланың соңғы елшісі, сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұдан өзге бірқатар хадистерінде өзін-өзі өлтірген адамның ақыреттегі азабы жайлы хабар берілген. Солардың бірінде былай делінеді: «Кімде-кім өзін-өзі қандай да бір темірмен өлтірсе, жәһаннамда қолына темір алып мәңгі-бақи өзін-өзі түйреумен болады. Ал, кімде-кім у ішіп өлсе, жәһаннам отында мәңгілік у ішумен қалады. Ал, кім өзін таудан тастап өлтірсе, жәһаннамда да өзін мәңгі отқа лақтырып тұрады». Бұл хадис өзін-өзі өлтірудің ақыры ауыр азаппен аяқталатынын білдірсе, екінші жағынан ХХІ ғасырда пайда болатын осы сұм өлімнің бірнеше негізгі түрлерінен сақтандырады.

    Сондықтан да жүрегінде иманы бар адам өмірдегі бірқатар қиындықтарды сынақ деп біледі. Әрбір қиындықтан кейін жеңілдіктің келетініне сенеді. Алладан үмітін үзбейді. Сабыр етеді. Ең қиын сәттердің өзінде де өзін өлтіруге бармайды.

    Құрметті мұсылмандар, қорыта айтқанда, Алла тағала Құранда баян еткендей «өздеріңді өлтірмеңдер» деу арқылы адам баласына өзін немесе өзгені өлтіруге болмайтындығы хақында қатаң ескерту жасаған. Алла тағала біздің біліп білмей жасаған күнәларымызды кешіріп, жасаған тәубелерімізді қабыл етіп, баршамыздың имандылығымызды арттырсын.

     Аян АЛЫПҚАШЕВ,

    «Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы

     

    Вы можете оставить комментарий, или ссылку на Ваш сайт.

    Оставить комментарий

    Return to Top ▲Return to Top ▲