2.06.2020 08:19

«Ат-такфир уаль-хиджра» ұйымы – тұлға, қоғам және мемлекеттің қауіпсіздігіне төнген қатер.

  • 2 743 рет оқылды
  • Сүлейменова Сәуле Қалкенқызы ,

    Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының

    Әскери институтының профессоры,

    философия ғылымдарының кандидаты

     

    «Ат-такфир уаль-хиджра» ұйымы – тұлға, қоғам және мемлекеттің қауіпсіздігіне төнген қатер.

    Біздің еліміздің Конституциясы өзінің 1бабының I бөлімінде: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп  ашық айтылды.

    Зайырлы Қазақстан ислам мен православиеге, сондай-ақ өзге де діни конфессияларға тең шамада толерантты қарайды; дінді еркін тұтынуға азаматтардың құқықтарына заңнамалық деңгейде кепілдік береді және оны шынайы түрде  қамтамасыз етеді.

    Конституция ережелерінің негізінде Конституцияда, адам құқықтары жөніндегі халықаралық актілер мен Келісімдерде бекітілген ар-ұждан бостандығына азаматтардың құқықтарын жүзеге асырудың құқықтық тетігі болып табылатын 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңы  әрекет етеді.

    Бұл Заң ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады.

    «Әлемдік діндер» ретінде әлемнің барлық құрылықтарына тарап, оның тұрғындарының нәсілдік, этникалық, тілдік, әлеуметтік немесе саяси қатыстылықтарына қарамастан бір сенім аясында біріктіретін діндерді түсіну қажет.

    Сонымен қатар, әлемдік діндер қатарына ежелден пайда болып адамзат өркениетінің даму тарихына ықпал еткен діндерді де жатқызуға болады.

    Қазіргі таңда әлемдік діндер қатарына үш діни бағыттар жатады: буддизм, христиандық және ислам.

    «Дәстүрлі діндерге» келер болсақ, олардың қатарына нақты бір мемлекеттің аумағында өмір сүретін халыққа тиесілі және сол халықтың тарихына, дәстүрі, мәдениеті, тілі мен өзіндік танымының дамуына айтарлықтай үлес қосқан діндер жатқызылады

    «Дәстүрлі діндер» ұғымына қарсы «дәстүрлі емес» діндер, яғни:

    – қандайда бір аумақта салыстырмалы түрде аз уақыт ішінде таралған,

    – қандай да бір тарихи, мәдени және әлеуметтік маңызға ие емес діни ағымдар.

    Сонымен қатар, қандайда бір мемлекет аумағында «дәстүрлі емес» саналатын діндер, кейбір этникалық топтар үшін мәдениетқұраушы фактор ретінде және кейбір мемлекет халқының дамуындағы үлесі үшін дәстүрлі саналатын фактілердің кездесетінін атап өткен жөн.

    Қазақстанда дәстүрлі емес христиандық діни ағымдары: «Грейс» («Благодать», «Ракым» және т.б.), «Жаңа өмір», «Агапе», «Живая лоза» және басқалар.

    Исламдағы дәстүрлі емес ағымдарды айтатын болсақ, бұл «Алля аят», «Ата жол» және басқалары.

    «Алля аят» пен «Ата жол» оккульттік-мистикалық ұйымдар болып табылады және олар Қазақстан Республикасының аумағында қызметіне тыйым салынған оккульттік-мистикалық ұйымдардың тізіміне кіреді. Олардың деструктивтік теріс мәні дәлелдеген.

    Деструктивті діни ұйымдар  – бұл сананы әртүрлі әдістер арқылы бақылай отырып, тұлғаның физикалық және психикалық жағдайының бұзылуына әкеп соғатын, сондай-ақ, отбасының, қоғам мен мемлекеттің жойылуына ықпал жасайтын тоталитарлық ұйым.

    «ат-Такфир уәл-хиджра» ұйымы деструктивті діни ұйымдардың қатарына жатады.

    Такфиршілердің арабша аталуы — «ат-Такфир уәл-хиджра», қазақшасы «Тәкфір және Хижра». Қысқаша атауы «Такфир» деген исламдық радикалды бағыт Мысыр елінде 1970 жылдардың ортасында дүниеге келді. Оның негізін Мұстафа Шүкіри деген адам қалады. Ол «Халифат» және «Тауассумат» («Күту») атты кітаптарын жазып, «Такфирдің» идеологиясын қалыптастыруға тырысты.  Ол идеология бойынша дінді қатаң ұстамайтын, мәселен, бес уақыт намаз оқымайтын адамдардың барлығы – дінсіздер. Оларға қарсы аяусыз жиһад, майдан ашу керек: «Кім бізбен емес, сол адам бізге қарсы». Арабтың «такфир», төркінсөз — кафир сөзі тура мағынасында «кәпірлікті әшкерелеу, онан арылу» дегенді білдіреді. Бұл жағынан келгенде, такфиршілер жаңа бір құбылыс емес, баяғы ортағасырларда «харижиттер» деп аталған аты-шулы ағымның осы заманғы көшірмесі болып табылады.
    Шүкіридің ұлттық құндылықтарға және зайырлылық принциптерге қарсы бағытталған ревизионистік шетін идеялары Таяу және Орта Шығыс елдерінің студент жастары арасынан қолдау тауып, таралған болатын. Ауған жеріндегі соғыс оның таралуына қолайлы жағдай жасады. Ағымның атауында Такфир сөзіне жалғас Хижра сөзінің тұруы тегіннен емес. Хижра — алғашқы мұсылмандар Меккеден Мәдинеге көшкен оқиғаны еске салатын ұғым. Такфиршілер нағыз мұсылманға кафири қоғамнан ірге ажыратып, таза орынға, мәселен, тау арасына қоныс аудару керек деп біледі. Ұйымның «Такфир және Хижра» деп аталу мәнісі осы.

    Олардың қоғамға төмендегідей залалдары бар:

    — тұтас халықты «мұсылман» және «кәпір» деп екіге бөледі. Жеке отбасында әкеге баланы қарсы қойып, ата-ананы баласынан тірідей айырады;

    — халықтық салт-сана мен әдет-ғұрыптың күллісіне «ширк» (Құдайға серік қосу), «бидғат» (дін жолына жаңалық енгізу) және «көпқұдайшылық» деген айдар тағып, жала жабу арқылы ұлттық мәдениет пен мінез-құлықты орны толмастай ойсыратады;

    — пайғамбарлардың, әулиелердің, періштелердің есімдерін атама және жихадқа, шейіттік өлімге, дін жолындағы құрбандыққа даяр бол деген үгіт-насихаттары исламның бейбіт дін деген беделіне нұқсан келтіріп, оған теріс көзқарасты қалыптастырады;

    — өлгендерге Құран оқып, бата бағыштамау, аруақты сыйламау, ұлы тұлғалар рухына тағзым етпеу сияқты шектен шыққан догмалар ұрпақтар сабақтастығын үзеді.

    ТМД елдерінде тәкфир идеясының негізін салушы Аюб Астраханский деген адам. Қазақстанда тәкфир идеясын жақтаушылар 1990-жылдардың ортасында, Башқұртстан мен Татарстандағы діни оқу орындарында білім алғандардың жаппай оралуымен тұспа-тұс келді. Бұл идеяны жақтаушылар өздерін тәкфиршілер немесе «Хизб-ут-такфир» деп атайды, бұл аталмыш қозғалыстың жеткілікті ұйымдасқанын көрсетеді. Олардың пікірінше, мұсылман адамның қазіргі зайырлы қоғам режиміне көнбістігі оларды кәпірге айналдырады. Сондықтан, қалыптасқан азаматтық қоғам ережелеріне бағынып жүрген адам Ислам дінін ұстанса да «кәпір» атанады. Тәкфирлердің ерекшелігі – намазды өзге жамағаттан бөлек тұрып немесе соңынан бөлек оқиды, жиһадқа шақырады. Тәкфиршілер жиһад – Ислам мемлекетін құрудың ең басты құралы деп санайды. Бұл қозғалыс Қазақстан мұсылмандары арасына іріткі салып, өзара соғысты өршітеді.
    Біздің елімізде тәкфиршілер Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында бар.

    Жалпы «такфир» немесе «һижра жамағаты» деген ағым – исламдағы шектен шыққан топ болып табылады.

    Бұл топтың бағытын дұрыс деп айталмаймыз. Аталған ағым асыл дінімізге де, Отанымызға да зиянды болып табылады. Бұл – Ислам дінінің негізгі ұстанымдарынан алыс кеткен бағыт.

    Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының 2014 жылғы 18 тамыздағы шешіміне сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған террористік және экстремистік діни ұйымдардың тізіміне «Ат-такфир уаль-хиджра» енгізілді.

    Сонымен, «Ат-такфир уаль-хиджра» ұйымы – тұлға, қоғам және мемлекеттің қауіпсіздігіне төнген қатер.

     

    Вы можете оставить комментарий, или ссылку на Ваш сайт.

    Оставить комментарий

    Return to Top ▲Return to Top ▲