ҚҰЛШЫЛЫҚТЫ ЫҚЫЛАСПЕН ОРЫНДАУ

  • 77 рет оқылды
  • Құлшылық – бұл Алла жақсы көретін, разы болатын жария және жасырын сөздер мен істер. Құлшылық – Алланың құлындағы хақысы, құлының Раббысы алдындағы міндеті. Алла Тағала Өзінің рақымымен пайғамбарлары арқылы құлшылықтың барлық түрін айқындап берді. Сондықтан да, адамдардың емес, Алланың разылығын табу қашан да оңай. Сіз әрбір мақтау-мадақ сөзді, ұйқыны, тамақты, ата-анаға, туған-туысқа деген қарым-қатынасты «ниет» деген дәмдеуішті қосу арқылы құлшылыққа айналдыруды білесіз. Бірақ, мұнымыз қандай жағдайда қабыл болмақ?                                Ілгергі буынның ізгі ғұламалары: «Бес нәрсе бар. Сол нәрселермен амал толық болады. Олар: Алланы тану, хақиқатты білу, амалында Аллаға ықыласты болу, сүннетке сәйкес амал жасау, тек халал нәрселерден ішіп – жеу. Егер осы нәрселердің біреуі жоғалса істеген амалдан сауап жоқ. Ол дегеніміз – егер Алланы танып хақиқатты білмесе оған амалдан пайда жоқ. Және Алланы танып, хақиқатты біліп, бірақ амал ықылассыз орындалса пайдасыз. Сол сияқты Алланы танып, хақты біліп амалда ықыласты болып, бірақ оны сүннетке сәйкес жасамаса және пайдасыз. Тіпті жоғарыда келгеннің бәрі орындалып, бірақ ішіп-жегені халал болмаса амал пайдасыз» деген екен. («Жамиғул-ғулум»,87).
            Ықылас – ниеттің кіршіксіз таза, шынайы, тура болуы. Ол көңіл пәктігін, жүрек тазалығын, көңілді кірлететін қылықтардан алыс әрі пікірде ұстамдылықты білдіреді. Құлшылықта Аллаға ортақ қоспай, ешқандай ішкі есепсіз Алла разылығын ғана көздеп, жауапкершілігі мен міндеттерін тек қана Жаппар Жаратушының бұйырғандығы үшін орындау. Осы шынайылық – саф құлдардың ең маңызды қасиеттерінің бірі. Шынайылық ең әуелгі пайғамбарлардың қасиеті болса, ықылас оның нұрлы ұшар шыңы. Ықыласты болуға адамдар өмір бойы талпынса, пайғамбарлар бұл қасиетке тумысынан ие.

                  Құран КәрімдеАлла тағала Пайғамбарымызға да:

    إِنَّا أَنزَلْنَا إِلَيْكَ الْكِتَابَ بِالْحَقِّ فَاعْبُدِ اللَّهَ مُخْلِصًا لَهُ الدِّينَ

    «Күмәнсіз, бұл кітапты саған хақ етіп түсірдік.

     Олай болса, сен де дінді тек қана Аллаға лайық етіп, ғибадат жаса!» – дей отырып, жалпы адамзатқа деген құлшылықтың құндылығын танытады.

    Басқа бір аятта да Алла Пайғамбарымызға:

    قُلْ إِنِّي أُمِرْتُ أَنْ أَعْبُدَ اللَّهَ مُخْلِصاً لَّهُ الدِّينَ

    «ДінімдінағызАллағаарнапқұлшылыққылуға бұйырылдым» – деп айт», – дейді.                                                                                                                        Алла пайғамбарларды адам баласына үлгі ретінде жібергендіктен, олардың қай-қайсысының да ықыласты құл екенін айтады. Олардың күллі игі амалы мен ниетінде терең ықылас жатыр. Олар пайғамбарлық міндетін атқару барысында бүкіл қиындықтарға мойымай қарсы тұра білді және ізгілікті дәріптеп, жақсылыққа шақыру ісінде ешкімнен де ақы талап етпеді. Бәрінің аузынан:

    إِنْ أَجْرِيَ إِلاَّ عَلَى اللّهِ

    «Менің ақымды тек Алла тағала ғана береді», – деген бір-ақ ауыз сөз төгілді. Істеген жақсылығы үшін ешкімнен ақы талап етпеген олар қызметін Алла разылығы үшін толық атқарды. Ықылас мүмінді ең үлкен дұшпан шайтанның қулық-сұмдықтарынан құтқарады. Олай дейтініміз, шайтан ықыласы төмен  құлдарды тұзағына оңай түсіреді. Бұл турасында аятта былай делінген:

    «Малғұн (Шайтан): Уа, Раббым! Ант етемін! Мені адастырғаның үшін оларға жер бетінде (күнәларды) әсемдеймін де олардың барлықтарын адастырамын. Тек олардың ішінде ықыласты құлдарың мұнан тыс» («Хижр» сүресі, 39-40 аяттар).

              Ықыласты құлдар тозақ азабынан құтылады. Ұлы Алланың: «(Азаптан) тек Алланың ықыласты құлдары ғана аман қалады» деген сөзі осы шындықты сүйіншілеуде.

            Ықыласпен орындалған амал аз болса да, иесінің құтылуына жетерлік. Бұл жайында Алланың Елшісі (с.ғ.с.):

    «Дініңде ықыласты бол! Егер осыны орындасаң, аз амалдың өзі саған жеткілікті болады», деген (Хаким ІY, 341).

    Ықылас Алланың жәрдемін шақырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде:

    «Алла бұл үмметке әлсіздердің дұғалары мен намаздары және ықыластары арқылы жәрдем етеді», деген (Нәсай, «Жиһад», 43).

              Ықыластың басым түсетініне еш күмәнданбаған жөн. Ықыласпен  атқарылған іс  нәтижесін береді деп ықыласқа ерекше мән бер­ген.

                  Пайғамбарымыз рияшылдыққа байланысты былай дейді:

    Қиямет күнінде алғаш шақырылатындар: Құранды жаттаған қари, дін жолында өлген адам және көп дүние-мүлікке ие болған кісі. Алла тағала  әуелі Құран жаттағаннан: – Мен саған пайғамбарыма түсірілген Құранды үйретпедім бе? – деп сұрайды. Ол: – Иә, Раббым, – деп жауап береді. Алла тағала: – Білгендеріңмен қалай амал еттің? – деп қайта сұрайды. Әлгі адам: – Мен оны күндіз-түні оқыдым, – дейді. Алла оған: – Жалған айттың, – дегенде, періштелер де қостап «өтірік айтасың» дейді. Алла тағала оған: – Керісінше «пәленше Құран оқиды» деп айтсын деген ниетпен оқыдың және ол ниетіңе іс жүзінде қол жеткіздің де, – дейді. Содан кейін дүние-мүлкі көп адам әкелінеді. Алла: – Мен саған көп дәулет бермедім бе? – деп сұрайды. – Тіпті көп бергенім соншалық ешкімге күнің түсіп көрген емес, – дейді. Бай адам: – Иә, солай Раббым, – дейді. – Берілген мүмкіндіктермен қалай амал еттің? – деп сұрайды Алла тағала. Әлгі бай сонда: – Туыстық қарым-қатынасымды үзбедім, садақа бердім, -дегенде, Алла: – Жоқ, сен «пәленше жомарт» екен деп айту үшін бердің. Солай айтылды да, – дейді. Содан кейін дін жолында өлтірілген адам сұраққа тартылады. Алла одан да: – Кім үшін өлтірілдің? – деп сұрайды. Ол: – Сенің жолыңда жиһадқа бұйырылдым. Мен қасық қаным қалғанша, кеудемнен жаным шыққанша аянбай соғыстым, – дейді. Хақ тағала оған: – Өтірік айтасың, – дейді. Періштелер де «өтірік айтасың» деп қосылады. Алла тағала оған қайтадан: – «Пәленше батыр екен десін» деп іштей мақтау-марапат күттің және дегеніңе жеттің. Солай айтылды да, – дейді. Содан кейін Расулалла Әбу Һурәйраның тізесінен соғып: – Ей, Әбу Һурәйра! Осы үш адам – қиямет күнінде жаһаннам отын алаулататын Алланың мақұлығы, – деді. Имам Нәуәуи: – Біреу жасаған жамандығын естіген кезде ренжігендей жасаған жақсылықтарын естігенде де ренжісе, бұл – оның ықыласының белгісі. Өйткені, нәпсісінің ләззат алуы – рияшылдық. Кейде рия көптеген күнәдан да қатерлі, – дейді. Ықыласты кісі ойында тек қана Алланың разылығы болғандықтан игі істерінің жұртқа жария болуын да қаламайды .

                  Ғұламалар «Алла разылығынан басқаны көздеп ғибадат еткендердің  жағдайы ыдысына шағыл тастарды толтырып алып, базарға шыққан адамға ұқсайды. Алыстан көрген адамдар «қандай бай» дейді. Оның пайдасы осымен ғана шектеледі. Базардан бір нәрсе алғысы келгенмен ыдысындағы іске алғысыз шағыл тастарға ешкім көк тиын ұстатпайды. Міне, рияшылдық жасаған адамның жағдайы осы. Айтылған жерде ұмыт қалатын салмақсыз бос сөзден басқа оған ақыретте ешқандай сауап берілмейді» деп айтқан.

                  Зуннун Мысри «Мына үш нәрсе ықыластың нышаны: халықтың мақтауымен даттауына көңілбөлмеу (жұрттың недегенін елемеу), жасаған амалын тез ұмыту (амалету, бірақ, оған басты мән бермеу), тіпті, амалдың ақыретте сауап әкелетінінде ұмыту» деген.

                  Фудаил ибн Ияз «елүшін амалды (күнәні) істемеу – рия, жұрт үшін амал ету (ғибадат) – ширк. Ықылас – Алла тағаланың осы екеуінен сені сақтауы» дейді.

                  Қорыта айтар болсақ, ықылас – ақыл мен сана һәм жүректің кіршіксіз пәк ниетпен Алла үшін ғана іс істеп, сауабын да тек Алладан күтуі. Дәретсіз намаздың болмайтыны секілді, ықылассыз құлшылық та болмайды. Сондықтан бұл өмірде тек қана Алла бізді ықыласты құлдарынан қылсын! Жасаған құлшылықтарымыз бен жақсылықтарымызды тек қана Жаратушымыз әмір еткендігі үшін орындап, басқа мақсатты көздемеуіміз керек. Негізінде Алла разы болған құлының жолын ашады. Басқаларға да мойындатқызады. Пайғамбарымыз бен сахабалар, салиқалы Алла достарының нұрлы ғұмырлары бұған куә.

    Вы можете оставить комментарий, или ссылку на Ваш сайт.

    Оставить комментарий

    Return to Top ▲Return to Top ▲